$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.05.2020, 13:45
Қоғам

«Шабыт» өнер мектебінің ұстазы онлайн-соңғы қоңырауды ерекше етіп өткізді

Онлайн қоңырауға Тоқтар Әубәкіров бастаған танымал тұлғалар қатысты

«Шабыт» өнер мектебінің ұстазы онлайн-соңғы қоңырауды ерекше етіп өткізді

Бүгін коронавирус инфекциясына байланысты еліміздегі барлық оқу орындарында соңғы қоңырау онлайн режимде, еркін кесте бойынша өтіп жатыр.

Azattyq Ruhy тілшісі Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Шабыт» мектебінің 4 «а» сыныбы оқушыларының онлайн-соңғы қоңырауын ерекше өткізген ұстаз Дидар Асқарқызымен тілдесті.

Дидар Асқарқызы – педагогика ғылымының магистрі, педагог шебері. Білім беру саласында қызмет еткеніне 22 жылдан асқан маман. Ол қашықтан оқуға байланысты оқу жүйесінде түрлі қиыншылықтар туындап жатқанына қарамастан, бастауышпен қоштасып жатқан сыныбы үшін соңғы сабақты естен кетпестей өткізуді қалаған.

 «Бірінші сыныптан бастап осы оқу орнында білімдерін ұштап  келе жатқан оқушыларым бастауыш сыныбын аяқтап жатыр. Қоштасу рәсімі оқушыларыма қызықты, әрі естен кетпестей болуы үшін 4 жыл бойы қазақ тілі, математика, әдебиеттік оқу, дүниетану, орыс тілі, ағылшын тілі пәндерінің бағдарламаларында «спираль» әдісі бойынша оқытылып жатқан ғарыш әлемін тақырып ретінде таңдадым. Содан соң қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке хат жазып, оқушыларға ғарыш әлеміне қатысты сұрақ дайындап, бір ауыз жылы лебізін білдіруді өтіндім. Одан бөлек, Өнер университетінің тәрбиеленушілері болғандықтан, Майра Мұхаммедқызы, Майра Ілиясова, танымал журналистер Амангелді Сейітхан мен Жайнагүл Төлеміспен байланысып, оқушыларға сұрақтар қойдырдым. Сабақ барысында сол сұрақтарға оқушыларым жауап берді», - дейді ол.

Дидар Асқарқызы, қашықтан оқу ата-аналарға да оңай тимегенімен, көпшілігі түсіністік танытуға тырысты дейді. Соңғы сабақты ол өзге әріпестері үшін де үлгі болсын деген мақсатпен арнайы видеоға түсіріп, монтаждатқан.

«Жыл сайын соңғы қоңырау шарасы салтанатты түрде өтетін. Музыка, түрлі-түсті шар, шоқ-шоқ гүлдер, жылдың аяқталғанына қуанған оқушы мен ата-ана. Ал биыл соның бәрі бір сәтке тоқтап қалды. Әрине, бұл да уақытша. Десе де, оқушыларым үшін бұл кез қайта келмейді ғой. Сол себепті ата-аналар мен оқушыларға жетекшілік ете отырып, сабақты видеоға түсіріп, арнайы монтаждауды ұсындым. Ерекше өткен қоштасу рәсімі еліміздің өзге де ұстаздарына үлгі болса деген ниетім болды. Біздің өтінішімізді жерге қалдырмай, жылы лебіздерін білдірген барша онлайн-қонақтарымызға алғысым шексіз! Төрт жыл бойы ғарыш туралы оқып келе жатқан балалар үшін, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер – Тоқтар Әубәкіровтен сұрақ алып, оған жауап берудің өзі естен кетпейтін үлкен оқиға боп отыр. Өнер жолында келе жатқан соң, қазақтың қос Майрасының лебізін тыңдаудың өзі бір бақыт емес пе?! «Жақсы мұғалім баланы шабыттандырады» деген, біздің мақсат осы жеткіншектерімізді шабыттандырып, білімге, ғылымға, өнерге деген құштарлықтарын арттыру. Оның үстіне карантин кезінде үйде отырып, бір бірін сағынған балалар үшін ашық сабаққа дайындықтың өзі бір мереке болды»,-дейді ол.

Дидар Асқарқызы төрт жыл жетекшілік еткен 4 «а» сыныбын биыл 18 оқушы  бітіріп жатыр. Олар жалпыға білім беру стандартымен қатар, музыканың арнайы стандартын қоса меңгерген. Онлайн-соңғы қоңырау рәсімі оқытудың жаңа технологиясына арналған «Zoom» платформасы аясында өткізілді.

«Менің оқушыларым Нұр-Сұлтан қаласының өзінде тұратын болғандықтан интернет жағынан ешқандай кедергілер болмады. Кейбір шалғай аудандардағы әріптестерім үшін карантин жағдайында білім беру қиындық тудырғаны анық. Бірақ баланы оқытамын, білім беремін деген ұстаз бен ата-ана үшін, оқимын, білім аламын деген бала үшін бастысы – ниет пен талап. Оқушының жүрегіне жол таба білген ізденімпаз ұстаз ғана ертеңгі елдің болашақ ғалымдарын, әншілері мен дәрігерлерін тәрбиелеп, қанаттандыра алады деп ойлаймын. Бүгінгі мерекемен барша ұстаздар қауымын құттықтаймын! Әріптестеріме шығармашылық табыс тілеймін! Әлем аман болсын, адамзат аман болсын! Келесі оқу жаңа оқу жылын шәкірттерімізбен бірге, қадірлі мектебіміздің қабырғасында қарсы алайық!»,-деді ол.

Дидар Асқарқызы жетекшілік ететін 4 «а» сыныбының ата-аналары балаларының бастауышпен қоштасу рәсімін көріп, көздеріне жас алып қалған. Бір сағаттан аса өткізілген онлайн-соңғы қоңыраудың соңы ата-аналардың жылы лебізімен аяқталды.  

Айта кететіні, Биылғы жыл 1-10 сынып оқушыларының соңғы қоңырау шарасы онлайн режимде өткізіліп жатыр. Ал мектеп бітіруші жас түлектердің аттестат алу рәсімі маусымның 3-не ауыстырылды. Аталмыш шаралар еркін режим кестесі бойынша өткізілуде. Сондай-ақ, 25 мамыр сағат 11.00 – телеарналар арқылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі А.К. Аймағамбетов түлектерді құттықтады.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары