Астанада көлік кептелісі азая ма: Тәуелсіздіктен Қабанбай даңғылына дейінгі жолдың жалғасы салынбақ
Қаладағы 66,5 шақырым жолдың қатты жабыны жоқ
Azattyq Rýhy редакциясы Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына қаладағы жолдардың жағдайы мен кептелісті азайту жөніндегі жұмыстар жайлы сауал жолдаған болатын.
Астана көше жолдарының ұзындығы 1 145,7 шақырымнан тұратын 1 249 көшеден тұрады, оның ішінде 1 079,2 км – қатты жабыны бар және 66,5 км – қатты жабыны жоқ жол желісі.
Ведомство мәліметінше, басқарма жаңа жол төсемін ауыстыру, жаңарту және салу бойынша тұрақты негізде жұмыстар жүргізіп жатыр.
Қарбалас уақытта ең көп жүретін учаскелердің бірі – Мәңгілік Ел, Қабанбай батыр, Тұран даңғылдары мен Сарайшық, Қонаев көшелері.
Бұл мәселені ішінара шешу үшін Тәуелсіздік даңғылында жаңа көпір ашу көзделген. Жаңа көпір 2023 жылдың 29 қазанында ашылды. Бұл көпір бірқатар көшедегі көлік қозғалысын едәуір сейілтуге мүмкіндік берді.
«Тәуелсіздік даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейінгі жолдың жалғасын салуды бастау жоспарланып отыр. Бұл қаланың жаңа бөлігіндегі Мәңгілік ел даңғылы, Қабанбай батыр, Түркістан, Керей Жәнібек хандар және Айтматов көшелеріндегі жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді», - деп хабарлайды Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы жаңа көпір арқылы қозғалыс ашылған болатын.