Ердоғанның әйелі Түркияға шақырды – Қазақстандағы жетімдер үйінен шыққан жас таланттың тағдыры (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Владислав Горизанов Түркияға барып, түрік тілін үйренген

Фото: скриншот

Қарағандыдағы жетімдер үйінен шыққан жас талант Владислав Горизанов Azattyq Rýhy агенттігінің youtube-каналына берген сұхбатында Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның әйелі Эмине Ердоған туралы әдемі оқиға айтып берді.

«Жетімдер үйінде бір іс-шара өтті. Оған өте сыйлы қонақ – Түркия президентінің әйелі Эмине Ердоған келді. Шараның маңызды өте зор болғандықтан да мені жүргізуші етіп шақырған еді. Өйткені, мен бұл жетімдер үйі туралы бәрін білемін: оның тарихын білемін, балалар баратын үйірмелер туралы да бәрін білемін. Сондықтан, барымды салып жүргіздім. Сонда Эмина Ердоған маған келіп, «қазақ тілін қалай үйреніп алдыңыз? Бір қарасам, домьыра шертіп отыр екенсіз. Бір қарасам, қазақша жүргізесіз, мына жақта орысша да сөйлеп жаттың» деп сұрады. Мен «үйрендім, оқыдым» деп жауап бердім. «Сен түрік тілін үйренгің келмей ме? Түріктің тарихын, мәдениетін білгің келе ме?» деп сұрады. «Шақырсаңыз, барамын ғой» дедім. Бұл мәселе тура сол жерде шешімін тауып кетті. Артынша мен Түркияға барып, түрік тілін үйрендім», - дейді ол.

Түрік тілін жақсы меңгерген соң Түркияның жоғары оқу орындары Владиславты грант бойынша оқуға шақырған.

«Қазақстанға барып, құжаттарыңызды жинап келіңіз» деді. Мен елге келіп құжат жинай бастағанда, қорғаныс министрлігінен әскерге шақыру туралы қағаз келді. Қатты ойландым. Құжатымды жинап, арман қуып Түркиядағы оқуға кетсем ба екен деген ой жылт етті. Таразының екінші жағында әскер тұрды. Бірақ, әскерге бару – Отан алдындағы борышыңды өтеу деген бір ғана киелі ұғымға саясатын еді. Шынымен де Отан алдындағы борыш мен үшін киелі еді. Өйткені, мені солай тәрбиелеген», - дейді ол.