Мәжіліс депутаты БҚО-дағы алғашқы жайлы мектептің жұмысымен танысты

Автор: Бақыт Шынар

Қазір мектепте 1200 бала білім алып жатыр

Фото: мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Орал қаласы Дерқұл ауылындағы «Жайлы мектеп» республикалық жобасы аясында салынған №51 жалпы білім беретін мектептің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

№51 орта мектептің директоры, «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасының запастағы мүшесі Жақсығали Жұмабай білім ордасының жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша, оқушылар көп болғандықтан сабақ үш ауысымда жүргізілетін №49 орта мектептің оқушылары осында ауыстырылған. Бүгінде 1200-ден астам бала жаңа, жайлы мектепте білім алып жатыр.

«Мектептің өте жақсы заманауи құралдармен жабдықталғанына, балаларға жайлы жағдай жасалғанына қуаныштымын. Мұндай форматтағы мектептер барлық қалада, ауылдық округтерде болуы керек деп ойлаймыз. Мемлекет басшысы жуырда «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында айтқандай, алдағы уақытта республика бойынша 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр. Депутаттар бұл құрылыстың сапалы әрі уақытылы жүргізілуін ерекше назарда ұстайды», –  деді Снежанна Имашева.

Мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешу – «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасының бір тармағы. Әзірге бұл – Батыс Қазақстан облысындағы алғашқы жайлы мектеп. Облыс бойынша жаңа үлгідегі тағы бірнеше мектеп ашу жоспарда.

Естеріңізге сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында еліміз бойынша жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынғанын айтқан еді.