Алматыдағы шетелдік азаматтар қылмыс жасауын азайтпай отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Мегаполисте шетелдіктердің қатысуымен ай сайын кемі 30 қылмыс тіркеледі

Алматы қаласында 41 305 шетелдік азамат тіркелген. Оның ішінде 8 370 азамат көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Одан бөлек, соңғы төрт айдың ішінде шетелдіктердің қатысуымен 117 қылмыс тіркелген. Жауапты мамандар әсіресе, Өзбекстаннан келген азаматтар жиі заң бұзатынын айтады.

«Әкімшілік тәртіп бойынша елден 166 шетелдік азамат шығарылды. Сонымен қатар, 57 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 47 миллионнан астам айыппұл салынды. 4 ай ішінде шетелдік азаматтардың қатысуымен 117 қылмыс тіркелді. Оның ішінде жиі қылмыс жасайтын Өзбекстан Республикасының азаматтары», - деді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қанат Таймерденов.

Департамент басшысы онлайн-брифингте қаладағы өзге де ахуалға тоқталды. Қылмыс пен көлік апатын азайту мақсатында Алматы көшелерінде «Сергек» камераларының саны көбейеді. Қазіргі сәтте Алматы көшелерінде 404 «Сергек» камералары істеп тұрса, жыл соңына дейін тағы 380 бейне бақылау бекеті іске қосылады.

«210 камера жол қиылысына, 170 камераны сызықты аймақтарда орнату жоспарланған. 2020 жылдың 4 айында «Сергек» АПК камераларында 60 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы анықталып, 436 миллион теңгеден астам сомада айыппұл салынды. Сондай-ақ қалада 105 посттан тұратын «БДД» ААЖ құрылды. Камералар орнатылған жерлерде жыл сайын жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы 20%-ға төмендеуде. Осы жылдың 4 айында «БДД» ААЖ 77 Таймермыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты анықтады. 394 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды», - деді Қанат Таймерденов.

Жыл басынан бері жол ережесін бұзу бойынша қала жолдарында 214 506 фактісі тіркеліпті. Тәртіп бұзған жүргізушілердің мойнына 1 миллиард 267 миллион 533 мың теңге айыппұл салынған. 765 жазатайым оқиға тіркелсе, салдарынан 23 адам қайтыс болып, 884 адам жарақат алған. 

«76 мың 648 ереже бұзушы жауапқа тартылды, оның ішінде 74 мың 479 жүргізуші. 276 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған. Сот 379 жүргізушіні көлік құралын басқару құқығынан айырды. 235 көліктің иесі әкімшілік қамауға алынды. Қаладағы көліктер паркі - 536 мың 341 көлік құралын құрайды», - деді Полиция департаментінің басшысы.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы