$ 521.81  543.67  5.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда суретшілер құқығы мен цифрлық контент қалай қорғалады

Алматыда авторлық құқық мәселесі талқыланды

Қазақстанда суретшілер құқығы мен цифрлық контент қалай қорғалады
Фото: Қазақстан авторлық қоғамы

Алматыда өткен баспасөз конференциясында «Қазақстан авторлық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі мен Қазақстан суретшілер одағының өкілдері саладағы проблемалар мен оны шешудің жолдары жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Конференцияның ашылу рәсімі IFRRO бас директоры және бас хатшысы Анита Хус-Экерхульттің құттықтау сөзінен басталды.

Кездесуде «ҚАҚ» РҚБ төрағасы Байғали Есеналиев және Қазақстан авторлық қоғамының бас директоры Айнұр Есендікова, ҚР суретшілер одағының басқарма төрағасы, суретші-монументалист Өмірбек Жұбаниязов, ҚР суретшілер одағының шығармашылық мәселелері жөніндегі хатшысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ЮНЕСКО жанындағы көркемдік сыншылар қауымдастығының (AICA) мүшесі, мәдениеттанушы және өнертанушы Камилла Ли және басқа мәдениет қайраткерлері болды.

Атап айтсақ, олар суретшілер мен басқа шығармашыл кәсіп өкілдерін қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізу және шығармашылық кәсіптедің қызметін үйлестіретін заң жобаларын қарау жөніндегі жұмыс топтарына қосу қажеттілігі жайлы мәселені көтерді.

Бұған «Мәдениет туралы», «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» сынды заңдар кіреді.

«Қазақстан суретшілер одағы сынды республикадағы ең көне үкіметтік емес ұйым өкілдері ретінде біз жұмыс топтарына қосылып, авторлардың зияткерлік меншігін қорғау мәселелерін заң жобаларын әзірлеушілермен тікелей талқылауға мүмкіндігіміз жоқ екені ойға қонымсыз. Әрине, көп адам бізбен кеңесіп, түйткілді мәселелердің мәнін түсінуге тырысты, бірақ бұдан түк шықпады», - деді баспасөз мәслихатында Өмірбек Жұбаниязов.

Сонымен қатар, конференцияда ҚР суретшілер одағының құрамына кіретін қылқалам шеберлерінің мүліктік құқықтарын бұзу мысалдары келтірілді.

Осыған байланысты, «ҚАҚ» РҚБ өкілдері ел суретшілерінің, сондай-ақ кәсіби деректемелер мен құралдарды (мүсіншілер, дизайнерлер, қолөнершілер) пайдалана отырып, зияткерлік меншік нысанын әзірлейтін авторлардың репрографиясы мен құқықтарын қорғау мүмкіндігі жайлы хабарлады.

Айнұр Есендікова оқулықтар мен журналдарда, сондай-ақ цифрлық көркем шығармаларды жаңғырту репрография екенін еске салды.

Алайда, туындыларды интернет желісінде суретшінің келісімінсіз немесе тиісті сыйақысыз пайдаланудың үлкен қаупі бар. Осы кезде репрографиялық құқықтарды басқару (RRO) ұйымдары көмекке келеді. Олар авторлардың құқықтарын басқаруға және қорғауға көмектесіп, шығармаларын пайдаланғаны үшін сыйақы алуға кепілдік береді. RRO кітаптар, мақалалар және бейнелеу өнері сияқты авторлық туындыларды көшіргісі не таратқысы келетін мекемелерге немесе компанияларға рұқсат береді. Бұл лицензиялар RRO жинайтын төлемнің орнына шығармашылық туындыларды заңды түрде қолдануға рұқсат береді.

Есендікованың айтуынша, 2023 жылы «Қазақстан авторлық қоғамы» IFRRO мүшесі мәртебесіне ие болды.

Қазіргі уақытта ол Қазақстанда суретшілердің құқықтарын қорғаумен және дамытумен де айналысады. Бұл ретте қоғамдық бірлестік көпшілік орындар мен цифрлық платформаларда көрнекі туындылардың пайдалануын бақылайды. Ал ол авторлардың өнер туындылары, соның ішінде иллюстрациялар немесе фотосуреттерін рұқсатсыз қолдануға жол бермейді. Әсіресе, веб-сайттар мен өнім сыртындағы жарнама сынды коммерциялық мақсатта пайдаланудың жолын кесіп, кепілдік береді.

«Бұдан басқа, «Қазақстан авторлық қоғамы» RRO ретінде авторларға өз құқықтарын қорғауға және заңсыз көшірмелерге қарсы әрекет жасауға көмектесу арқылы заңды қолдау көрсетеді. Біз сондай-ақ  мектептер мен компаниялар сынды авторлық құқықты пайдаланушылар үшін процесті жеңілдететін лицензиялық келісімдерді ұсынамыз. Осылайша, олар өнер туындыларын заңды түрде қолдана алады. Ал өнерпаздар мен суретшілер өз өніміне сыйақы алады. 

IFRRO сияқты халықаралық авторлық құқық ұйымдарымен ынтымақтаса отыра «KazAK RRO» қазақстандық суретшілерге туындыларын қорғап, халықаралық пайдалану арқылы табыс табуға мүмкіндік береді. Осылайша, қорғаудың неғұрлым кең мүмкіндіктерін бере отырып, құқық қорғаудың жаһандық желісін нығайтады», - дейді Қазақстан авторлық қоғамының бас директоры Айнұр Есендікова.

Баспасөз мәслихатының соңында Қазақстан суретшілер одағы мен «Қазақстан авторлық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі зияткерлік меншікті қорғау бойынша бірлесе әрекет ету жайы меморандумға қол қою шешімін қабылдады.

Серіктес жаңалықтары