Ауылдар жойылып барады: 2050 жылға қарай Қазақстанның 19 млн тұрғыны қалада тұратын болады
Қазақстандағы қала тұрғындарының тең жартысы Астана, Алматы және Шымкент шаһарларында шоғырланады
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары туу, өлім-жітім және көші-қон көрсеткіштері негізінде демографиялық болжам дайындаған. Талдауға сәйкес, 2030 жылға қарай елдегі қала тұрғындарының саны 13%-ға артып, 14 млн адамға жетеді, ал 2050 жылға қарай 57%-ға өсіп, 19,3 миллионды құрайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Яғни 2050 жылға қарай Қазақстанда қала тұрғындарының үлесі 70 пайызға жетпек. Болжамға сәйкес, қала тұрғындарының тең жартысы үш мегаполисте тұрады.
«Болжам бойынша, қала халқының саны 2030 жылға қарай базалық сценарий кезінде Астана қаласында – 538,3 мың адамға немесе 39%-ға, 1,9 млн адамға дейін, Алматы қаласында 469,3 мың адамға немесе 21%-ға артып, 2 млн 664 мың адамға дейін, Шымкент қаласында – 209,6 мың адамға немесе 17%-ға өсіп, 1 млн 416 мың адамға жетеді. Бұл ретте үш мегаполистің тұрғындары қала халқының жалпы санының 43 пайызын құрайды, ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 51%-ға дейін ұлғаяды», - дейді Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары.
Өңірлер арасында қала тұрғындары Маңғыстау, Ақтөбе және Түркістан облыстарында өседі. Ал Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында қала тұрғындарының саны азаюы мүмкін.
Сондай-ақ орталық мамандары ауыл халқының санына да болжам жасаған. 2030 жылға қарай ауыл халқының саны тек 1%-ға, яғни 7,7 млн адамға дейін, ал 2050 жылға қарай шамамен 9%-ға, 8,2 млн адамға дейін артады.
Ауыл халқы Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінде өседі. Ауыл тұрғындары саны Қостанай, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарында ең көп азаяды деп күтіліп отыр.