Бала құқығы жөніндегі уәкіл мән-жайды айтып берді
Атырау облысы білім басқармасының «Сармат» мамандандырылған мектеп-интернаты қызметкерлерінің зорлық-зомбылығы туралы әлеуметтік желідегі жағдай бойынша бойынша тың мәлімет айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкіл ретінде және Атырау облысы білім басқармасымен зерделеу тобы құрылып, «Сармат» мектебіне барып таңертеңнен кешке дейін зерделеу жұмысын жүргіздік. Бүгін балалардың тамақтануын, тәртіптерін бақылап, сабақтарына қатысып, әр баламен жеке сөйлестік. «Сармат» мектебінде болды делінген қысым көрсетушілік, тәрбиеші тарапынан зорлық-зомбылық бойынша оқушылармен ашық әңгімелестік. Жұмыс барысында балалар бұл фактіні растаған жоқ, бірақ мектептерінің жағымды немесе ұнамайтын жақтарын, қажеттіліктері туралы ашық айтты. Ескертпелердің бәрі әкімшілікке айтылып, қолға алынатындығы ескертілді», - дейді облыстағы бала құқығы жөніндегі уәкіл Айжан Сәрсембаева.
2024 жылғы 12 желтоқсанда Атырау облысының білім басқармасының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы №620 бұйрығымен баланың ата-анасының өтініші бойынша аталған мекеменің жұмысы зерделеніп, нәтижелеріне сәйкес, директордың орынбасарына 2024 жылдың 19 желтоқсанында тәртіптік жаза қолданылған болатын.
Ата-аналармен кездесіп, балаларының ертеңнен бастап сабақтарын тапсыруға мүмкіндіктері бар екендігі және бақылауда болатындығы айтылды. Қазіргі уақытта тәрбиешіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 140-бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеліп жатыр.