Қазақстан вакцинаны қайдан сатып алады – СҚ-Фармация жауабы
Елімізде вакцинациялауға жыл сайын 28,5 миллиард теңге жұмсалады
Қазақстанда барлық вакцинаны сатып алатын «СҚ-Фармация» компаниясының басшысы Берік Шәріп журналистерге арналған брифингте көпшілікті алаңдатқан сұрақтарға жауап берді. Сол маңызды сұрақтардың бірі – Қазақстанның вакцинаны қай елдерден сатып әкелетіні және қандай тексерістерден өтетіні.
«Бірыңғай дистрибьюторлардың қатарына шамамен, 20 биологиялық препарат кіреді. Күнтізбелік қолданыста 9 түрлі міндетті екпе бар. Вакцинаны екі пул бойынша аламыз. Бірінші бөлігі UNICEF арқылы алынса, екінші пул тікелей өндірушілер мен тендер арқылы жеткізіледі. Тікелей пневмококтық екпені аламыз. Бізде «Файзер» компаниясымен келісімшарт бар. Осындай келісімдер «Санофи пастер», «Глаксосмитклайн» компанияларымен де жасалған. Бұлардың барлығы әлемге танымал екпе өндіретін компаниялар. Екпеге қатысты талаптарды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қояды. Талаптардың бірі - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы беретін қайта квалификациялау. Екпелерді ДДСҰ тексереді. Ал, біз алатын 9 екпе препараттары ДДСҰ тарапынан тексерістен өткен және қауіпсіздік шараларының барлық талаптарына сай келеді», - деді Берік Шәріп.
Басқарма төрағасы жеке клиникалардағы екпелердің сапасы мемлекеттік клиникаларға қарағанда жоғары деген сұраққа да жауап берді.
«Жеке клиникалардағы екпелердің сапасы мемлекеттік ауруханаларға қарағанда жақсы» деген пікірлер айтылып жатады. Бірақ екпе сапасының бәрі бірдей. Егер ол стандарт пен сапаға сай келмесе, ДДСҰ бізге оны егуге рұқсат бермес еді. Одан бөлек, әлемдік фарм-бақылаудың тексерісі бар. Және дәрілік құралдарды лабораториялық тексерістен өткізетін Ұлттық орталық бар. Ол жерде екпенің клиникалық сынақтарын толықтай тексерістен өткізеді. Одан кейін екпенің құрамын, қандай қоспалар қосылғанын өздері тағы да бір рет тексереді. Құрамында қуіпті заттар болса, оларды Қазақстан аумағында тіркеуге рұқсат етілмес еді. Екпенің әрбір партиясы тікелей өндірушіден алынған күннің өзінде де, сертификациядан өтеді», - деді ол.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан