Әкімдік пен мәслихатқа қосымша 34 құзырет өтеді
Парламент Мәжілісі «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы мен оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Заң жобасы президенттің Түркістанға рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беру тапсырмасына сәйкес әзірленген.
Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, құжатты әзірлеу кезінде Англия, Италия, Өзбекстан, Әзірбайжан сияқты елдердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу тәжірибесі зерттелген. Бұған қоса министрлік өкілдері Түркістан қаласының халқымен кездесіп, негізгі нормаларды тұрғындармен ақылдаса отырып дайындаған.
Заң жобасының басты нормалары:
«Тарихи-мәдени мұраны қорғау және рухани объектілердің киелілігін сақтау негізгі қағидаттар болады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан 100 метрлік қашықтықта биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді»,- деді Байбазаров Мәжілістің жалпы отырысында.
Сонымен қатар, қала әкімдігіне мемлекеттік әлеуметтік объектілерді салу үшін жеке құрылыс компанияларына уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алу және беру бойынша құзырет беріледі.
Жалпы осы заң жобасы аясында Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзырет өтеді.