Атырауда есірткі сатпақ болған 29 жастағы ақтаулық азамат ұсталды
Күдікті қамауға алынды
Атырауда полиция қызметкерлері есірткі заттарын сатуды ұйымдастырды деген күдікпен 29 жастағы Ақтау тұрғынын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Атырау облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Күдікті қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде ұсталды. Жалға алған пәтеріне жүргізілген тінту барысында жалпы салмағы 211,84 грамм «Альфа-PVP» есірткі заты салынған 3 зип-пакет пен 40 орама табылып, тәркіленді.
«Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды», - делінген хабарламада.
Айта кету керек, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу, ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарға, сол тектестерге қатысты жасалған дәл сол іс-әрекеттер үшін мүлкi тәркiленiп, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру қарастырылған.