СҚО-да колледж студенті бірінші курс студенттерінен ақша бопсалаған
Оқу орнының басшылығына бұл жағдай белгілі болғанымен, құқық қорғау органдарына хабарланбаған
Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы Ақжар ауданындағы колледжде ақша бопсалау фактісін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Петропавловск.news сайтына сілтеме жасап.
Ленинград ауыл шаруашылығы колледжінде студенттермен жеке әңгімелесу барысында бірінші курс студенттерінен жүйелі түрде ақша талап ету жағдайы белгілі болды.
Прокуратура материалдары бойынша бұл дерек Ақжар ауданы полиция бөлімінде тіркелген.
«Ақжар аудандық сотының 28 қарашадағы үкімімен аталған колледждің үшінші курс студенті қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», — деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Бүгінгі күні үкім заңды күшіне енген жоқ.
Оқу орнының басшылығына бұл жағдай белгілі болғанымен, құқық қорғау органдарына хабарланбаған. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша колледж директоры мен жауапты тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін оқу орнындағы жұмыс ұйымдастыру шаралары қайта қаралды.