Қазақ қыздары ұлттың атын қалай шығарды
Биыл да әлем тарихында атын алтын әріппен жаздырған қазақ қыздары аз болмады. Бірі жер шарының ең биік шыңын бағындырып, ең суық материкті басып өтті, екіншісі әлемнің сән индустриясы мен кино әлеміне танымал болды, тағы бірі білім мен ғылым жолында өздерін дәлелдеді. Azattyq Rýhy редакциясы 2024 жылы жаһанды жалт еткізген қазақ қыздарының тізімін жасады.
Анар Бурашева - Эверест шыңына табаны тиген тұңғыш қазақ қызы. Биыл 12 мамырда ол «Kazakh Everest Team» қазақстандық командасымен бірге әлемнің ең биік шыңы – Эверест шыңына (8 848 м) сәтті көтерілді. Анар Бурашева бұған дейін Африканың ең биік шыңы Килиманджароға шыққан. Олар тауға көтерілер кезде ауа райы қолайсыз болып, қар жауып, кейбір қауіпті аймақтарды басып қалған. Алысты көру қиындаған. Ал 8 мың метр биіктікке шыққанда ауадағы оттегі сиреп, олар арнайы масканы таққан. Басқа елдерден келген қатысушылардың арасында шыңға жетпей, жарты жолдан лагерьге қайтқандар кездескен. Бірақ қазақстандық команда межелі жерге жетті. Команда шыңнан жайлап түскен, күш жинап алу үшін 8000 метр биіктіктегі лагерьде бір түн түнеген. Альпинистер тобы 7 мамырда жолға шығып, 13 мамырда 5 350 метр биіктіктегі базалық лагерьге оралды.
Эверестке шыққан тарихтағы тұңғыш қазақ қызы бұл жетістікпен тоқтап қалмайтынын, әрі қарай әлемнің ең биік шыңдарына көтеріле беретінін айтты.
«7 шың» бағдарламасына қатысып, барлық құрлықтың ең биік тауларына көтерілгім келеді. Оның үстіне, менің қоржынымда африкалық Килиманджаро және Еуразия мен бүкіл планетаның ең биік шыңы – Эверест бар», -деді Анар Бурашева Алматыға оралған соң.
Әнел Сытдықова - ТМД мемлекеттері арасында алғаш болып Антарктиданың мұздай суы арқылы жүзіп өтті. Ол 750 метр қашықтықты 18.58.95 минутта бағындырған. Бұл уақытта судың температурасы -1,4 градусты көрсеткен. Оның айтуынша, Антарктидада болған он күннің ішінде жүзу үшін қолайлы сәтті күткен. Оның үстіне кемеде басқа 150 жолаушы болғандықтан, корабль тәртібін де сақтау керек еді.
«Антарктиданың суларын жүзіп өттік. Мен үшін бұл өте салқын болды. Судың салқындығы -1,4 градус болса, желдің жылдамдығы сағатына 35 шақырым еді. Айсбергтер мен пингвиндер арасында жүзудің әсері бөлек. Антарктида мұздай құшағын ашқан аз ғана адамның қатарында болу мен үшін ерекше оқиға болды», - дейді Әнел Сытдықова.
Әнел Әлімова – қазақ әйелдерінің ішінде Американың сән индустриясында тұңғыш болып марапатқа ие болды. Оны шетелдік меценат Jean Shafiroff Нью-Йорктегі Times SQUARE орталығында құттықтады. Отандасымызға сән индустриясына қосқан үлесі мен шығармашық иннновациядағы көшбасшылығы үшін Нью-Йорк штаты Ассамблеясының марапаты берілді.
Диана Мұрзағалиева - әлеуметтік бастамалары мен қоғамға қосқан ерекше үлесі үшін «Уэльс ханшайымы Диананың» сыйлығын жеңіп алды. Бар болғаны 18 жастағы бойжеткен Семей полигонынан зардап шеккен. Оған ядролық сынақтардың салдарынан пайда болған ауру – дизартрия диагнозы (сөйлеу кемістігі) қойылған. Диана буллингке ұшырап, бірнеше операцияны басынан өткерсе де, қиындыққа мойымаған. Бір кездері сөйлей алмаған ол өзінің ойын әңгімелер арқылы жеткізіп, мүгедектігі бар балалардың арманы туралы «Үміт әрдайым жанымызда» атты анимациялық фильмін жасап шығарған. Қайсар қыз Диана сөйлеу қабілетінде кемшілік бар жандарға арналған AI – SpeakUp қосымшасын жасап шығарып, Inclusive Academy негізін қалаған.
Алтынай Нөгербек – Netflix-тің фильміне шақырту алған тұңғыш қазақ актрисасының бірі. Ол Netflix-тің КАРЛАГ жайлы фильмінде ана рөлін сомдайды.
«КАРЛАГ-та жүрген адамдарға жанашыр, қамқоршы отанасының рөлі бұйырды. Басты кейіпкермен іштей байланыс туындап, ана мен бала арасындағыдай жақындық туындайды», - дейді Алтынай Нөгербек.
Актриса түсірілімге қаңтар айында баратынын айтты. Ал фильмнің өзі 2025 жылдың аяғына дейін көрерменге жол тартуы әбден мүмкін.
Дидар Құл-Мұхамед - Гарвард, Оксфорд және Кембриджде білім алған алғашқы және әзірге тұңғыш қазақ қызы атанды. Жуырда ол Кембридж университетінің философия магистрі дәрежесін алған. Дидар Құл-Мұхамед бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрі, Сенат депутаты болған Мұхтар Құл-Мұхамедтің қызы.