«AMANAT» партиясында халықты сапалы ауыз сумен қамту мәселесі талқыланды
Президент 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен 100% қамтуды тапсырған
«AMANAT» партиясында Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің төрағалығымен Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің отырысы өтті. Мәжіліс депутаттары мен Үкімет мүшелері ауыз судың сапасы мен оны қолжетімді ету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Республикалық кеңестің отырысына Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау, Мәжіліс депутаттары, министрлік өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары мен партияның өңірлік филиалдарының жетекшілері қатысты.
Отырысты ашқан кеңес төрағасы Берік Бейсенғалиев 2021 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету тапсырғанын еске салды. Депутат бұл міндетті орындау барлық мемлекеттік органнан ортақ күш-жігер талап ететінін атап өтті.
«Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жай ғана инфрақұрылымдық міндет емес. Бұл ұлттың денсаулығы, азаматтарымыздың әл-ауқаты мен мемлекеттің әлеуметтік миссиясын орындау мәселесі. Бұл мәселеде біз ілгерілеу бар екенін байқап отырмыз: қалаларда сумен қамту деңгейі 98,9%-ға, ал ауылдарда 96,6%-ға жеткен. Алайда қарқыны төмен өңірлер де бар. Егер пәрменді шараларды қолға алмасақ, мемлекет басшысының тапсырмасы орындалмай қалуы мүмкін», - деді ол.
2023 жылдың қорытындысы бойынша бірқатар облыста қала мен ауылдағы сумен қамту қызметтеріне қолжетімділік орташа деңгейден төмен болып қалған. Дәлірек айтқанда, Абай облысында қала халқының сумен қамтылуы небәрі 92,8%, Павлодар облысында – 97%, Жамбыл облысында 97,5% құрайды. Ауылдар арасында ең проблемалы облыстар – Қостанай (86,7%), Солтүстік Қазақстан (88,3%) және Абай облысы (92,9%).
Ал елдегі 6 256 ауылдың әзірге 5 130-ы сумен қамтылған. Келесі жылдың соңына дейін тағы 1 126 ауылды сумен қамту жоспарланып отыр, соның ішінде 114 ауылға орталықтандырылған жүйе қажет.
Отырыс кезінде облыс әкімдерінің орынбасарлары жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында биыл 60 кешенді блок-модуль орнату, ал келер жылы 40 ауылда орталықтандырылған сумен қамту жүйесін салу жоспарланған. Жамбыл облысында 37 елді мекен мен 5 тұрғын үй алабы үшін сумен қамту жүйелері жаңғыртылып жатыр.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шарханның айтуынша, халқы аз ауылдарда жергілікті бюджет есебінен кешенді блок-модульдер орнатылады, ал орталықтандырылған сумен қамту жүйелері тек ірі елді мекендерде салынбақ.
«Халық санына қарамастан әрбір ауыл сапалы ауыз суға қол жеткізуге тиіс. Мәселе – бюджет қаражатын тиімді пайдалануда. Бүгінде су құбырларын салу экономикалық жағынан тиімсіз саналатын шағын ауылдарда кешенді блок-модуль орнатуды ұсынып отырмыз. Олардың шығыны да аз әрі сумен қамту мәселесін тез арада шешеді»,- деді ол.
Ал су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров қазір министрлік елдің тоғыз облысында топтық су құбырын салу және жаңғырту бойынша 32 жобаны жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді. Осы мақсаттарға биыл 50 млрд теңге бөлініп, басым бөлігі игерілген. Жаңа жылға дейін тағы сегіз жоба аяқталмақ.
Отырыс соңында кеңес төрағасы Берік Бейсенғалиев пен Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау президент тапсырмаларын дер кезінде орындау қажет екенін айтты. Отырыс қорытындысы бойынша өңірлерде сумен қамту бағдарламаларын іске асыру барысына бақылауды күшейту, бюджет ақшасын пайдаланудың ашықтығы мен жұмыс сапасына көңіл бөлу туралы шешім қабылданды.