Елді мекендерге су жеткізетін топтық су құбырларының құрылысы қалай жүріп жатыр
Жыл соңына дейін 8 жоба аяқталады
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров елді мекендерді сумен қамтамасыз ететін топтық су құбырларының құрылысы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңесте «Ауыз судың сапасы мен халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету» мәселесі талқыланды.
Отырыста сөз сөйлеген вице-министрдің айтуынша, қазір елімізде 1,5 млн халық тұратын 800 елді мекен жалпы ұзындығы 17 мың шақырымды құрайтын 80 топтық су құбыры есебінен сумен қамтылып отыр.
«Қазір министрлік елдің 9 облысында (Ақмола, Атырау, Алматы, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан және СҚО) топтық су құбырын салу және жаңғырту бойынша 32 жобаны жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар топтық су құбырларын жаңғырту бойынша 5 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде. Тиісті қаржыландыру болып, мердігерлер жұмысын адал атқарса, осы жылдың соңына дейін 8 жоба аяқталады. Осылайша 208 мың адам тұратын 49 ауылдық елді мекен суға қол жеткізеді», - дейді ол.
Алдамжаров оы мақсаттарға биыл 50 млрд теңге (нысаналы трансферт арқылы 5,5 млрд теңге) қарастырылғанын, соның 42,1 млрд теңгесі игерілгенін атап өтті.
Бұған қоса, келесі жылдың соңына дейін топтық су құбыры бойынша тағы 13 жобаны, ал 2026 жылы қалған 11 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
«Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 2,1 мың шақырым су құбырын салу жоспарда бар. Бұл 404 елді мекенді сумен қамтуға мүмкіндік береді. Жалпы халық саны 162 мың адамды құрайтын 59 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтылады. Түркістан облысының елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында Өгем өзенінде ГЭС каскады бар су құбырының құрылысын жүзеге асыру жоспарда бар. Жобаның негізгі мақсаты – Түркістан облысының бес ауданындағы 1 млн халықты ауыз сумен қамту», - дейді вице-министр.