Қазақ жігіттері Камбоджадағы ең атақты банкті қалай ашқан - отандасымыз Сая Жапарова ерекше оқиғаны айтып берді

Автор: Темірхан Айжан

Ол отбасымен бірге Камбоджада 5 жылдан бері тұрып жатыр 

Фото: istockphoto.com

«Қазақпыз» десек, «банкте істейсіз бе?» деп сұрайды. Камбоджада бірнеше жыл тұратын Сая Жапарова жергілікті халықтың қазақтарды қалай танитыны туралы қызық оқиғаны айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сая Жапарова отбасымен бірге Камбоджа корольдігінің астанасы Пномпень қаласына көшіп келгеніне 5 жыл болған. Ол халықаралық мектепте мұғалім болып жұмыс істейді, ал жұбайы, Қазақстандағы SDU университетінің бұрынғы деканы, Мейрамбек Жапаров халықаралық университетте проректор қызметін атқарады. Олар - бес баланың ата-анасы.

«Камбоджаға жұмысқа шақырту алып, 2019 жылы қоныс аудардық. Алғашында 2 жылдық келісімшартқа отырған едік, бірақ дүниежүзілік пандемия басталып кеткен соң осында қалуға тура келді. Балалар халықаралық мектепте оқиды. Жалпы мемлекет туралы айтсам, елдің билігі біліммен ғана алға шығатынын, дамитынын түсінген. Парламенттегі шенеуніктерінің көбі шетелден оқып келген. Қазір Камбоджа ғылымды дамытуға күш салып жатыр. Жоғары оқу орнына түсу қиын, жастары білімге құштар», - дейді спикер.

Сая Жапарованың айтуынша, камбоджалықтардың мінезі биязы, өте сыпайы халық, олардың бір ерекшелігі мұғалім маманын қатты құрметтейді екен. 

«Жергілікті халықтың мінезі жұмсақ, үнемі иіліп, кішіпейілдігін көрсетіп тұрады. Бір-біріне дауыс көтеріп сөйлемейді. Бір-бірімен сөзге келіп қалса, бірінің дауысы көтеріңкі шықса, ары қарай әңгімені тоқтата қояды. Осылайша арадағы құрметті сақтайды. Қызмет көрсету сапасы жоғары. Көрші Тайланд, Вьетнам халқымен салыстырғанда осы елдегідей сыйластықтықты байқамадық», - деді Сая Жапарова.

Ол жолдасы екеуі осы елде жүрген аздаған қазақ отбасының басын қосып, төл мерекелерімізді атап өтіп тұрады екен. 

«Камбоджаның әр қаласында тұратын қазақтарды көрсек, танысып, арқа-жарқа боламыз. Өзіміз іздейміз. Келгелі бері 2 -3 рет «Тәуелсіздік күнін» бірге атап өту үшін жинауға тырыстық. Биыл да жиналмақпыз. Кішігірім отбасына айналдық десек те болады», - дейді Сая ханым.

Сая Жапарова камбоджалықтар «қазақ екенімізді естісе, банкте істейсіз бе?» - деп сұрайды дейді. Оның себебі, Камбоджадағы алдыңғы қатарлы банкті қазақтар құрған.

«Осындағы ABA (Advanced Bank of Asia) атты дамыған, атақты банктердің бірін қазақ жігіттері ашқан. Кейін канадалықтарға сатқан. Кез-келген сауда, такси қызметтерін ABA арқылы төлейміз. Қазақстандағы Kaspi банкімен салыстырсақ болады», - дейді ол.

Сая Жапарова мен Мейрамбек Жапаров Камбоджада қазақ мәдениетін дамытып жүрген отбасы. Таяуда Прагон халықаралық университетінде ұйымдастырылған «P Voice» жобасында камбоджалық студент Монипор Иенг қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» әнін айтып шыққан. Оған қазақша ән жаттауға Нұрайша Жұмабай көмектескен. Студент әнді 3 айдың ішінде үйреніп алған. Бұл студенттердің ағылшын тілінен басқа шет тілде шырқаған алғашқы әні екен.

Монипор Иенг атты бойжеткеннің қазақ әнін нақышына келтіріп айтып шыққаны – қазақ тілін дүниежүзіне таратудағы маңызды бір қадам болып саналады.