Павлодар облысында кәмелетке толмаған баланы зорлаған қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты
Сотталушы зорлау бойынша тағылған айыпты мойындамады
2024 жылғы 4 желтоқсанда Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған балаға қатысты зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттері бойынша айыпталушыға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Істің сипаты мен мазмұны заң бойынша жариялауға жатпайтындықтан, процесс жабық отырыста өтті.
Сотталушы О.-ның кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптама қорытындыларымен және іс бойынша зерттелген басқа да дәлелдемелермен расталды.
Прокурор О.-ға 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші тарап мемлекеттік айыптаушының ұстанымын қолдап, 7 миллион теңге көлеміндегі моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талапты қолдады.
Сотталушы зорлау бойынша тағылған айыпты мойындамады, ал сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттері бойынша ішінара кінәсін мойындады.
«Сот О.-ның мас күйінде аса ауыр екі қылмыс жасағанын, бұрын сотталғанын және оның әрекеттері қылмыстардың қауіпті қайталануы ретінде танылғанын ескерді. Нәтижесінде сотталушы О.-ға 20 жылға бас бостандығынан айыру; өмір бойына педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар сот жәбірленушінің талап арызын қанағаттандырып, моральдық зиян ретінде 7 миллион теңге өндіріп беру туралы шешім шығарды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.