«Шекарадағы мектептерді сақтап қаламыз»: министр ауылдардағы білім ошақтарының жабылуы туралы айтты
Ол бұған дейін бірнеше ауыл мектебінің жабылғанын атап өтті
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушы санының аздығына байланысты қанша ауыл мектебі жабылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ауыл мектептерінің саны қазіргі күні 5 мыңнан асады. Оның ішінде шағын жинақты мектептер саны – 2700, ал кіріктірілген сыныптар мен 10-30 шақты бала оқитын мектептердің саны – мыңға жуық. Шағын жинақты мектептер алыс аудандарда орналасқан, оның ішінде шекараға жақын жерлердегі ауыл мектептерінің есебін жүргізіп отырмыз», - деді министр.
Ғани Бейсембаев министрліктің ұстанымы – шекара маңында орналасқан мектептерді қандай жағдай болса да, жауып тастамау, сақтап қалу екенін жеткізді. Ол бұған дейін ауыл халқының көшуіне байланысты бала саны азайып, бірнеше мектептің жабылғанын атап өтті.