Қалада ауруханада емделіп жатқан 1022 науқастың 67 пайызын коронавирус жұқтырғандар құрайды
Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырған адамдардың тек екі пайызы 70 жастан асқан қарт кісілер. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті.
Ол сондай-ақ, эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері астанада ауырған 1287 науқастың жас ерекшелігіне талдау жасалғанын айтты.
«Қазір қаладағы ауруханаларда 1022 науқас ем қабылдауда. Оның 67 пайызы коронавирустан емделіп жатыр. Соңғы ақпаратқа сәйкес, елордада коронавирус жұқтырған 1287 адам белгілі болды. Оның 84-і – балалар, 62% – ер адамдар, 38% - әйелдер. Жастарына сәйкес қарастырсақ, қалада коронавирус жұқтырғандар арасында 18-49 жастағы адамдар 76%-ды құрайды. 50-69 жастағы науқастар – 16%, 70-тен асқандар – 2%, балалар – 6%», - деді Сәуле Қисықова.
Жалпы, Нұр-Сұлтанның дәрігерлері науқастардың 47%-ын емдеп шығарған. Олардың бәрі қазір үй карантинінде. Қазір 10 адамның жағдайы ауыр, оның екеуі жасанды өкпе желдеткішіне қосқан.