Тәуелсіздік күні мен Жаңа жыл қарсаңында пойыз билетінің құны қымбаттай ма (ВИДЕО)
Бұл сұраққа көлік министрі жауап берді
Алда келе жатқан Тәуелсіздік күнінің үш күнгі демалысы мен Жаңа жылдағы төрт күн демалыс кезінде Қазақстандағы пойыз билеттері қымбаттамайды. Бүгін үкімет отырысынан соң Azattyq Rýhy тілшісінің сұрағына жауап берген көлік министрі Марат Қарабаев осылай деп сендірді.
«Сіз үкімет отырысындағы баяндамаңызда тарифтерді кезең-кезеңімен қымбаттату қарастырылып жатыр дедіңіз. Бұл нені білдіреді? Пойыз билеттері қашан және қаншаға қымбаттайды?», - деп сұрады редакция тілшісі.
Қарабаевтың айтуынша, оның баяндамасындағы бұл ақпарат тек жүк тасымалдайтын пойыздарға ғана қатысты болған.
«Бұның (тариф қымбаттауының – ред.) жолаушылар пойызының билетіне ешқандай қатысы жоқ, ол тек жүк тасымалдайтын пойыздардың тарифіне байланысты. Жолаушылар тасымалдайтын пойыздардың билет құны өзгермейді. Келесі жылы да, алдағы мерекелерде де ешқандай өзгеріс болмайды, баға қалыпты болады», - деп атап өтті Қарабаев.
Бұл ретте көлік министрі Қазақстан үкіметі пойыздың билеттерін осы жылдың 1-қазанында қымбаттатқанын еске салып, «одан басқа бағаны қымбаттату туралы жоспар жоқ» екенін атап өтті.