Мектепте жарылғыш зат бар: Оралда полицейлер жалған ақпарат таратушыны іздеп жатыр
20 қараша күні қаладағы мектептердің бірінде жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскен
WhatsApp мессенджерінде №13 мектептің маңына патрульдік көліктер мен «жедел жәрдем» қызметі келгені туралы ақпарат тарады. Ал ата-аналар чатына дабыл қосылған жағдайда мектепте эвакуация болатыны туралы хабарламалар жіберілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
БҚО полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«20 қараша күні Орал қаласындағы мектептердің біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына арнайы және шұғыл қызметтер жіберілді. Алғашқы әрекет ету тобы мектепке тексеріс жүргізді. Хабарлама жалған болып шықты. Қазіргі таңда қаскүнемдерді анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», — деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Департамент өкілдері терроризм актісі туралы жалған хабар бергендерге 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынатынын немесе сол мөлшерде түзету жұмыстары тағайындалатынын, сондай-ақ бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатынын еске салды.
Айта кетейік, дәл осы мектепте 2024 жылдың 23 қазанында оқушы пышақ жарақатын алған оқиға болған еді.