Бастапқыда қыздың анасына басқа баспана ұсынылған
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыста құлдықта болып, жезөкшелікке мәжбүрленген 16 жастағы қыз балаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ол отбасы біздің де, құқық қорғау органдарының да бақылауында. Осы жағдайдан кейін біз оларға баспана ұсынған болатынбыз. Ол кісініңде ұсыныстарын тыңдадық. Сол кезде басқа баспанаға көшуді ұсындық. Бірақ кейін қыздың анасы өз пәтерінде қалу жайлы шешім қабылдады. Біз оны қолдауға дайын болдық, оны одан әрі жалғастырамыз», - дейді Нұрлыбек Нәлібаев.
Осыған дейін жазғанымыздай, Қызылорда қаласында мектеп оқушылары 16 жастағы қызды азаптап, қинап есірткі беріп, жезөкшелік жолға салған. Полиция оқиға бойынша қылмыстық іс қозғаған еді.
Ал жақында сыныптастары сексуалдық құлдықта ұстаған Қызылорда облысындағы 16 жастағы қыздың ісі бойынша ер адам небәрі 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ер адам өзін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерімін деп таныстырып, қыздан 700 мың теңге бопсалаған. Прокурор оған 7 жыл сұрағанымен, ақыры сот 4,5 жыл берді.