$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.11.2024, 15:10
Қоғам

Ақмолалық құтқарушылардың автопаркі заманауи техникалармен толығып жатыр

Өңірлік бөлімшеге құтқарушы иттер де қосылды

Ақмолалық құтқарушылардың автопаркі заманауи техникалармен толығып жатыр
Фото: Ақмола облысы ТЖД

Тәуліктің қай мезгілінде болмасын қауіп төнген адамдарға көмектесуге дайын тұратын, басқаның өмірі үшін еш ойланбастан өз басын қатерге тігетін құтқарушылар мен өрт сөндірушілерді арнайы техникалармен және қажетті құралдармен жабдықтау әрқашан – өзекті мәселе. Төтенше жағдайлар министрлігі де аумақтық бөлімшелердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға айрықша көңіл бөледі. Бұған жуырда ғана жаңа техникалармен, іздеу-құтқару иттерімен толыққан Ақмола облысы құтқарушыларының автопаркі дәлел, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Биыл ақмолалық құтқарушылардың автопаркі әртүрлі типтегі жаңа заманауи техникалармен толықты. Мәселен, облыстың жедел-құтқару жасағының кинологтарына шассидегі кинологиялық қызмет автомобилі – Toyota Hilux табыс етілді. Арнайы көлік оқиға орнына іздеу иттерін жайлы жеткізу үшін барлық қажетті жабдықпен жабдықталған. Қазіргі таңда ақмолалық құтқарушыларға іздеу-құтқару операцияларына қатысатын үш ит, Диггер есімді неміс овчаркасы, Гера және Аскель есімді екі бельгиялық овчарка көмектеседі. Сонымен қатар, бельгиялық овчарканың тұқымынан тағы үш күшік арнайы үйретіліп жатыр.

Бұған қоса Ақмола облысының құтқарушыларына жедел-іздестіру жасағының мүмкіндіктерін әжептәуір жақсартатын жаңа Марлин 830 AWA катері берілді. Marlin 830 AWA – судағы қиын жағдайда ептілік пен сенімділікті қамтамасыз ететін жетекші техникалық шешімдермен жабдықталған заманауи кеме. Оның жоғары өнімділігі мен берік конструкциясы адамдарды іздеу және құтқару, судағы апат салдарын жою секілді міндеттерді тиімді орындап шығуға септеседі. Катер заманауи навигациялық жүйелермен және байланыс құралдарымен жабдықталған, бұл кез келген оқиғаға жедел ден қойып, шалғайдағы және жету қиынға соғатын жерлерде құтқару операцияларын жүргізуге мүмкіндік береді. Marlin 830 AWA катерінің маңызды ерекшелігі – кеме әртүрлі ауа райында жұмыс істеуге қауқарлы, ал бұл су қоймаларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде өте қажет. Бүгінде жедел-құтқару жасағының иелігінде барлығы 29 жүзу құралы бар.

Айта кететін жайт, жыл басынан бері жедел-құтқару жасағының қызметкерлері су акваториясында 20 адамды, соның ішінде сегіз баланы құтқарып қалды.

Marlin 830 AWA катері

Катерден бөлек, биыл өрт сөндіруші-құтқарушылар үшін өрт сөндіру автоцистернасы мен батпақта жүретін және жол талғамайтын 3 «ТРЭКОЛ» сатып алынды. Жақын арада облыстық департаменттің қарамағына шассидегі жеңіл әрі жедел 10 Toyota Hilux автокөлігі мен 40 «Auer» тыныс алу аппараты түседі. Бұған қоса, қазіргі заманғы авариялық-құтқару құралдары мен байланыс жабдықтары сатып алынып жатыр.

Ақмола облысының Қосшы қаласында орналасқан 35 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі де жаңа техникалардан кенде емес.

«Өздеріңіз білесіздер, біздегі өрт сөндіру бөлімінің құрылғанына көп бола қойған жоқ, биыл бірінші қаңтардан бастап қана жұмыс істейді. Қазір өрт сөндірушілердің иелігінде жаңа екі техника бар. Күнделікті кезекшілік ауысымда осы техникаларды пайдаланамыз. Біреуі – 2023 жылғы автоцистерна, өрт сөндіру машинасы, екіншісі 2024 жылы шыққан автосаты. Бір ауысымда жеке құрамның бес-сегіз құтқарушысы кезекшілік атқарады», - дейді Қосшы қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Шахмардан Әзірбаев.

Оның айтуынша, көктемгі су тасқыны кезінде қосшылық құтқарушылар үлкен жұмыс атқарған.

«Биыл көктемгі су тасқыны тұрақты, бірақ күрделі жағдайда өтті. Қауіп өте жоғары болды. Атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша, жергілікті әкімдік, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, сонымен қатар халық арасынан шыққан еріктілер мен жанашырлардың, тұрғындардың арқасында бір үйді де су басқан жоқ. Бұдан бөлек, Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылындағы жер үйінділерін нығайттық. Сондай-ақ Тайтөбе ауылында екі шақырымға жуық жаңадан жер үйіндісі салынды. Су тасқыны кезінде Қосшының өзінен жеке құрамның он бес шақты адам күн сайын кезекшілікке шығып жүрді. Тасқынға қарсы күрес кезінде Ақмола облысынан өрт-сорғы стансасын, екі машина, «ТРЭКОЛ» көлігін алдырттық», - дейді Әзірбаев.

Жалпы соңғы үш жылда мемлекеттік материалдық резервтен Ақмола өңірі үшін 35 инженерлік, қосалқы және су айдайтын техника бөлінген. Техникалардың барлығы төтенше жағдайлардың алдын алу және апат салдарын жою үшін қолданылады. Мысалы, осы жылы инженерлік техника Егіндікөл ауданында жарылған магистралды су құбырындағы апатқа жұмылдырылды. Атбасар ауданында жыл сайын тасып кету қаупі туындайтын Жабай өзені бойындағы үйінді топырақты нығайтуға ауыр инженерлік техника тартылған. Бұдан бөлек тілсіз жаумен тиімді күресу, су алу және еріген қар суын ағызу үшін тасымалданатын мотопомптарды орнату арқылы екі 10 текше метрлік автоцистерна жаңғыртылды.

Бүгінде Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің иелігінде барлығы 244 жедел және арнайы техника бар.

Айта кетерлігі, осы жылдың өзінде өрт сөндірушілер 21 адамды, соның ішінде екі баланы қызыл жалыннан аман алып шыққан, тағы 229 адам, соның ішінде алпыс жеті бала тез арада эвакуацияланды.

Апаттар медицинасы орталығы да зардап шеккен он төрт адамға көмек көрсетті. Биылғы су тасқыны кезінде Төтенше жағдайлар департаменті мен мүдделі органдардың күштері 2823 адамды құтқарып, қауіпсіз жерге көшірген. Құтқарылғандар арасында 623 бала бар.

Айтып келмейтін апат кезінде құтқарушылар мен өрт сөндірушілер үшін әр секунд қымбат. Алайда, көпқабатты тұрғын үйлерден өрт шыға келсе, тілсіз жауды тез арада ауыздықтап, тұрғындарды эвакуациялау өрт сөндірушілер үшін үлкен проблемаға айналып жатады. Олар отқа оранған үйдің ауласына өрт сөндіру техникасын кіргізе алмай қиналады. Себебі, кейбір тұрғын үй аулаларында темір-бетон дуалдар мен шлагбаумдар орнатылған.

Осыған байланысты Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Бақытжан Алашовтың тапсырмасына сәйкес, облыста өрт сөндіру техникасының жүруіне кедергі келтіретін бөгеттер мен блоктарды алып тастау бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ақмолалық құтқарушылар жергілікті атқарушы органдармен және полиция қызметкерлерімен бірлесіп өңірдегі 46 ауланы заңсыз қоршаулардан тазартқан. Ғимараттар мен әртүрлі құрылыстардың аумағына кіретін тұста дуал, бетон блоктары мен өрт сөндіру техникасының кіруін шектейтін басқа да кедергілер тұрған орындарды анықтау мақсатында барлығы 145 рейдтік іс-шара өткізілген.  

Сонымен қатар қоршаған ортаның тазалығы мен экологияны жақсарту мәселесі де ақмолалық құтқарушылардың назарынан тыс қалмады. Өңірдің өрт сөндірушілері мен құтқарушылары «Таза Қазақстан» акциясын қолдады. «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері облыстағы бөлімшелердің аумағына мың жарымға жуық түп ағаш отырғызылған.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға Үкімет тарапынан да ерекше көңіл бөлініп жатыр. Осы жылы премьер-министр Олжас Бектенов Азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына түзетулер енгізген болатын. Бұл өзгерістер заманауи авиация техникаларын сатып алуға қатысты еді. Кешенді жоспарға сәйкес, лизинг арқылы Төтенше жағдайлар министрлігінің материалдық-техникалық базасын жабдықтау үшін 11 әуе кемесін сатып алу жоспарланып отыр. Оған республикалық бюджеттен 2027 жылға дейін кезең-кезеңмен 24,8 млрд теңге қаражат бөлінетін болды.

Жуырда төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов әзірге жеті тікұшақ сатып алынатынын мәлімдеген. Олар: үш МИ-8 АМТ және төрт К-32. Ведомство басшысының айтуынша, жазғы өрт қаупі кезеңінде техникалардың тапшылығы қатты сезілген. Әуе кемелері шалғайдағы және жету қиын жерлерде болған апат аймағынан тұрғындарды эвакуациялауға және құтқаруға мүмкіндік береді, бұған қоса су тасқыны және өрт қаупі басым кезеңдерде мониторингтің тиімділігін арттыру мақсатында қолданылады.

Бұдан бөлек, жыл соңына дейін республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен, сондай-ақ лизинг аясында 728 арнайы техника, 18 мыңнан астам керекті жабдықтар сатып алу көзделіп отыр. ТЖ министрлігі техникаларды бірінші кезекте аудандық бөлімшелердің қажеттіліктері үшін бөлмек.

Серіктес жаңалықтары