$ 492.14  528.85  5.01
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

ШҚО-да басқа мемлекеттің азаматтарымен бірігіп, қазақстандықтардың қаражатын жымқырғандар сотталды

Айыпталушылар 24 қазақстандықтың 105 844 199 теңгесін иемденген

ШҚО-да басқа мемлекеттің азаматтарымен бірігіп, қазақстандықтардың қаражатын жымқырғандар сотталды
Коллаж: Azattyq Ruhy

Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы алаяқтық қылмысына қатысты істі қайта қарап, айыпталушыларға қатысты үкімді өзгертті. Олар көптеген азаматтардың қаражатын жымқырғаны үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тергеу мәліметтері бойынша, азамат К. Telegram мобильді қосымшасы арқылы «10....» деп аталатын чатқа қосылып, оңай ақша табудың жолын іздеген. Сол чатта өзін банк қызметкері ретінде таныстырған адамдар оған алаяқтық схемаға қатысуды ұсынып, сыйақы беретіндерін айтқан. Осылайша, азамат К. басқа мемлекеттің азаматтарымен бірігіп, Қазақстан тұрғындарының қаражатын жымқырған.

Азамат К. өз кезегінде азамат Т.-ны да осы әрекетке тартқан. Олар Өскемен қаласындағы банкоматтар арқылы жәбірленушілердің қаражатын шешіп, оның 10%-ын өздеріне қалдырып, қалған соманы шетелдік есепшоттарға аударған. Жалпы алғанда, екеуі 24 қазақстандықтың 105 844 199 теңгесін иемденген.

«Сот барысында азамат Т. ақшаны шешу әдісін білетінін және К.-ның нұсқаулары бойынша әрекет еткенін растады. Олардың кінәсі бейнежазбалар, банкоматтардағы транзакция жазбалары, қылмысқа қатысушылардың хат алмасулары және сараптама қорытындыларымен дәлелденді. Соттың алғашқы сатысында кінәлілерге 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, азаматтық талаптар қанағаттандырылған болатын. Дегенмен, апелляциялық сот жәбірленушінің шағымы мен прокурордың талабын ескере отырып, үкімді қайта қарады. Апелляциялық сот қылмыстың ауырлығын, келтірілген залалдың өтелмегенін және жәбірленушілердің әлеуметтік жағдайын (көбі 60-70 жас аралығындағы азаматтар) назарға алып, жазаның мерзімін ұзартты», - делінген хабарламада.

Нәтижесінде, азамат К.-ға 7 жыл, ал азамат Т.-ға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкімнің басқа бөліктері өзгеріссіз қалдырылды. Бұл үкім заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#алаяқтық #ШҚО #сот