$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Баланың тағдыры мұғалімнің қолында»: ұстаз студенттерді робототехникаға баулып жүр (ВИДЕО)

Ол студенттермен бірлесіп бірқатар жобаны жүзеге асырған

Ақтөбе қаласының жоғары политехникалық колледжі автоматтандыру және басқару бөлімінің меңгерушісі Дархан Шаңбаев «AMANAT» партиясы жанындағы «Мұғалім-talks» бағдарламасына қатысып жатыр. Мұғалімнің қазіргі ұстанымы мен жобаға қатысудағы мақсатын өзінен сұрап білдік, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дархан Шаңбаев Қызылорда облысының Аралында қарапайым шаруалар отбасында дүниеге келгенін айтты. Оның ынтасы, оқуға деген құштарлығы мектеп кезінен белсенді болған.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фотолар: кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Мектепте оқуды жақсы оқыдым. Сондай-ақ, көптеген қоғамдық, волонтерлік және ғылыми жұмысқа белсенді араластым. 11-сыныпты аяқтаған кезімде мұғалімдер қимастықпен қоштасқан еді. Он бір жылда бірде-бір рет ескерту алмаған, қоғамдық өмірге белсенді араласқан түлек болдым деп айта аламын. Сондай-ақ, мектеп кезінде музыкалық үйірмеге барып, домбыра сыныбын тәмамдадым. Мектепте физика пәнін жақсы оқыдық. Үйде де әкеміздің айтуымен, бір қондырғыларды шашып, қайта құрастыратын едік. Әкем де осыны байқаған болуы керек. «Ұстаздық жолды таңдасаң, қалай болады?» дейтін. Бірақ мамандыққа келгенде қатты араласпайтын. Физика пәнін 11-сынып бітірген соң таңдадым. Конкурстың нәтижесінде Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы университетке оқуға түстім», - дейді ол.

Шаңбаев атағандай, университетте де ол барынша белсенді болған. Алайда мұғалімдікке қарағанда өндірістік, техника саласына бейім болған. Бірақ тағдардың нұсқауымен Ақтөбедегі политехникалық колледжге келіп, ұстаздық жолын бастайды.  

«Мектеп кезінен белсенді болған соң балаларға білім беру, оларды тәрбиелеу қиын болмаған. Мұғалімнің бойында болуы тиіс қасиет – жауапкершілік. Себебі қандай жұмыс болмасын, жауапты болу маңызды болып есептеледі. Мұғалім өз саласын жақсы біліп, жауапкершілігі төмен болса, түрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Сондықтан мұғалім жауапкершіл, өзінің пәнін жетік білетін маман болуы керек. Қазір ақпарат ағыны өте көп, ғылыми технология қарқынды дамып жатыр. Балаларға ақпарат беру жағынан оза алмаймыз, себебі жасанды интеллект бар. Сондықтан мұғалім қоғамда болып жатқан жаңалықтарды біліп, ілесуі керек. Жасанды интеллект бізді емес, біз оны басқаруымыз керек. Мұғалім ізденісті тоқтатса, ол ұстаз болуды тоқтатады. Біз де үнемі ізденісте болып, қандай платформа бар, соларды уақытында игеруге тырысамыз. Жауапкершілік пен балаға деген сүйіспеншілік арқылы мұғалім болуды трендке айналдыру керек. Баланың тағдыры мұғалімнің қолында екенін әр маман түсінуі қажет», - дейді Шаңбаев.

Ұстаздың айтуынша, мұғалім оқушысын үлкен өмірге дайындап, болашақтағы өмірінің қалыптасуына дұрыс жол салып бере алады.

«Мен теориядан гөрі практикпін. Технологияларды балалармен бірге жасап, оған баулуға тырысамын. Студентерді техникалық мамандықтарға қызықтыруға тырысамын. Себебі, көбі болашағы бұлыңғыр мамандықты таңдап кетеді. Оның түбі инфобизнеске, жеңіл ақшаға ұласады. Сонықтан өлмейтін, экономиканың дамуына үлес қосатын мамандықтарды таңдауды насихаттаймын. Жобаларымыздың ішінде әлеуметтік желі мен БАҚ-та танымал болған Смартхан роботы бар. Ол жасанды интеллект көмегімен қазақша сөйлейді, аудиокөмекшімен жарық пен желдеткішті қосып, сөндіре алатын бірнеше қызметке ие. Роботтың қазақша сөйлегені барлығына қызықты, ол маркетинг жағынан да жақсы жұмыс істеп тұр. Балаларға оны зерттеу, қалай жұмыс істейтінін білу маңызды. Мамандығымыз техникалық бағытта болғандықтан баламалы энергияны алу, су ресурстарын үнемдеуге бағытталған жобалар өте көп болды», - дейді ол.

Мұғалімнің айтуынша, автоматтандыру адам өмірін жеңілдете түседі.

«Бұрынғыдай бірнеше адам бір қызметті атқармайды. Оны бір микроконтроллер атқарып тұрады. Жылдамдығы, сенімділігі жағынан ол адамзатты басып озады. Энергетика құрылымы микропроцессорлық жүйеге көшіп жатыр. Әрине, ол адамдарды жалқаулыққа үйретеді деген күмән бар. Бірақ ол адамдарды өндірістегі ауыр жұмыстан, зиянды жұмыстардан босатады. Оның басты мақсаты да сол. Адамдар технология арқылы дұрыс игеруі керек, тұрмыс салтына енгізе отырып, ыңғайлы қолдануға мүмкіндік жасауы тиіс. Қарапайым көшедегі жарық беру де автоматтандырылып жатыр. Көшеде адам жүрген жерде жарық жанып, кейін өшеді. Бұл энергияны үнемдейді. Автоматтандыру қаржылай да, энергия жағынан да жайлылық сыйлайды», - дейі ұстаз.

Ұстаздың айтуынша, Ақтөбеде жастарға арналған мүмкіндіктер артып жатыр.

«Мемлекет тарапынан жақсы қолдау болып жатыр. Келесі жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануының өзі осы бағытты дамыта түседі. Колледждердің имиджін көтеру керек. Материалдық-техникалық базаны жаңарту да жүзеге асырылуда. Осы жолда өз мамандығын сүйетін, балаларды білім мамандығымен сусындататын, осы салаға үлес қосатын педагогтер керек. Өндірістермен байланысып, колледждердің түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша да жұмыстар жүзеге асырылып жатыр», - дейді Дархан Шаңбаев.

Сондай-ақ, педагог «AMANAT» партиясы жанындағы «Мұғалім-talks» платформасына не үшін қатысып жатқанын да айтып берді.

«Мұғалім-talks» платформасына қатысуға ниет білдірдім, себебі елімізде жаңашыл, білімді, инновациияға ұмтылған жас педагогтер өте көп. Бұл жобаға қатысып, педагогтердің мәртебесін арттыруға үлес қосып, өзімді жаңа қырымнан көрсетуді жөн көрдім. Маман ретінде өзім өте көп ізденісте жүремін. Педагогика саласында, оның ішінде техникалық бағыттағы мамандарды даярлауда үнемі ізденісте боламын. Мұғалім - ұлттың айнасы. Кез келген мұғалімнің алдынан баланың тағдыры өтеді. Мұғалім баланың болашақ тағдырына жауапты», - дейді Дархан Шаңбаев.

Ол «Мұғалім-talks» платформасынан қазіргі заманғы мұғалімдердің жаңа форматын жасайтын жоба ретінде үлкен мүмкіндік күтетінін айтты.

«Білім беру саласында өзімнің қолтаңбамды қалдырғым келеді. Осы кейс-платформаға қатысуымның себебіне техника маманы ретінде, өнертапқыш ұстаз ретінде техникалық мамандықтарға қызықтыруды мақсат еттім. Болашақ жастарды жаңа өнертапқыштыққа, жаңа инновация жасауға шақыру, оларды ұлттық бағытта тәрбиелеп, өзімнен кейінгі мұғалімдерге үлгі болуды көздеймін. Жоба арқылы өзімнің жасаған жаңашылдық бастамаларымды жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар деп санаймын. Облыста «ақылды үй» платформаларын көбейтіп, қаланың инфрақұрылымында осы бағытты дамыту керек. Оның аясында қаладағы кептелісті азайту бойынша «Ақылды бағдаршам» жобасы бар. Осы сынды қазақи үлгідегі жобаларды әзірлеуге жастарды тарту, жаңашыл, жас мұғалімдермен пікір алмасу осы жоба аясында мүмкін деген ойдамын», - деп түйіндеді бөлім меңгерушісі.

Серіктес жаңалықтары