Шенеунік 4,4 млн теңге пара алған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Антикордың ақпаратынша, министрліктің жоғары лауазымды тұлғасы кәсіпкерден 4,4 млн теңге пара алды деп айыпталып отыр. Пара сомасы шегірткеге қарсы пестицидтерді жеткізу жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алу шарты құнының 5%-ын құрайды.
«Сот санкциясымен лауазымды тұлға мен кәсіпкер үй қамаққа алынды. Биыл 31 қазанда Бас прокуратура айыпталушыларды сотқа берді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», - деп мәлімдеді Антикор.
Осыған дейін ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы қызметінен уақытша шеттетілгенін айтқан еді.