$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.11.2024, 16:18
Қоғам

«AMANAT» партиясында қосымша білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

Педагогтердің жетіспеушілігі, төмен жалақы, ғимараттардың тапшылығы айтылды

«AMANAT» партиясында қосымша білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT-тың» Партиялық бақылау комитетінің отырысында еліміздегі балаларға, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндерге қосымша білім беру сапасы мен қолжетімділігі туралы мәселе көтерілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Комитет ғимараттардың тапшылығына, педагогтердің еңбекақысының төмендігіне, мемлекеттік стандарттардың жоқтығына, балалардың, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың, әсіресе ауылдық жерлерде білім беру қызметтеріне шектеулі қолжетімділігіне ерекше назар аударды.

«Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының 81%-ы қосымша біліммен қамтылған. Биыл бұл көрсеткішті 86,3%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, бірақ 100%-ға жету үшін ауыл мектептеріндегі инфрақұрылым мәселесін шешу қажет. Қазіргі уақытта ауыл мектептерінде 304 қауымдастық орталығы салынды, бірақ көптеген өңір ғимарат жетіспеушілігімен және олардың талаптарға сай еместігімен бетпе-бет келуде», – деді оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.

Ол басты міндет ретінде, әсіресе шалғай ауылдарда балалардың білім алуда тең мүмкіндіктерге қол жеткізуі керектігін, оған қосымша қаржыландыру және жергілікті органдар тарапынан қолдау қажет екенін атап өтті.

Комитет төрағасы, мәжіліс депутаты Павел Казанцев шектеулі қаржыландыру мен педагогтерді қолдаудың әлсіздігі жағдайында бұл саланың толыққанды дамуын қамтамасыз ету қиын екенін айтты.

«Біз балалар сарайлары мен орталықтарын саламыз, бірақ тиісті қолдау болмаса, олар бос қалады. Педагогтердің жалақысын көтермей және оларға лайықты жұмыс жағдайларын жасамай, қосымша білім беру саласына білікті мамандарды тарту мүмкін емес. Бұл – орналасқан жері мен денсаулық жағдайына қарамастан барлық балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге тиісті жүйе. Біз осындай жағдай жасауды өзімізге міндет деп білеміз», – деді ол.

Комитет мүшесі Рамазан Сарпеков ерекше қажеттіліктері бар балалардың қосымша білім алу мәселесіне жеке тоқталды. Ол бұл балалардың мемлекеттік бағдарламалардан тыс қалып жатқанын, оларға ерекше қолдау қажет екенін айтты.

«Бұл балалар ерекше дарынға ие, алайда олар мемлекеттік қосымша білім беру жүйесінен жиі тыс қалып жатады. Біз олардың спорт, музыка және зияткерлік ойындардағы жетістіктерін көреміз, бірақ инфрақұрылым мен қолдаудың жоқтығынан бұл балалар үлкен қиындықтарға тап болып отыр. Олардың мүмкіндігін ескерусіз қалдырмай, толыққанды дамуы үшін барлық қажетті жағдайды жасауымыз керек», – деді ол.

Астана қалалық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мирас Шекенов балалардың ескі ғимараттарда оқып жатқан жағдайын сынға алды. Ол елордада кейбір  оқушылардың қосымша сабақтары сапасы сын көтермейтін орындарда өтетінін айтты.

«Біздің балалар астана мәртебесіне сай емес жағдайда оқып жатыр. Мысалы, музыка мектебінің оқушылары вокзалдың жанындағы қонақүйдің алтыншы қабатында дайындалуға мәжбүр. Бұл олардың білімі үшін қауіпсіз әрі қолайлы емес», – деп атап өтті Мирас Шекенов.

Сонымен қатар Мирас Шекенов педагогтердің мәртебесін төмендетуге әкелген аттестаттау үрдісіне алаңдаушылық білдірді. Ол мұндай шаралардың қосымша білім беру жүйесінің негізі саналатын мұғалімдерді ынталандырудан гөрі, керісінше, жігерін құм қылатынын айтты.

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, комитет мүшесі, мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов мердігерлер бетпе-бет келіп отырған тендерлердің ашық еместігіне назар аударды. Ол әлеуметтік нысандарды салу тендерлерінде бағаның төмендеуі кейіннен қаржы тапшылығына және құрылыс жұмыстарының тоқтауына алып келетінін айтты.

«Павлодар облысында мәдениет үйін салу жобасы бойынша сметалық құны басында-ақ төмен бағада көрсетілген. Мердігер бөлінген қаражаттың жетіспейтінін түсінсе де, өтінім берді. Нәтижесінде нысан бітпей қалды, ал бөлінген қаражат босқа кетіп жатыр. Бұл тиімсіз және азаматтардың ашуын тудыратыны хақ», – деді ол.

Комитет төрағасының орынбасары Майра Айсина қосымша білім беру педагогтері азаматтық қызметші болғандықтан, оларға «Педагог мәртебесі туралы» Заңның әсер етпейтінін атап өтті. Айсина олардың құқықтық мәртебесін қайта қарауға, қосымша жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктер беру қажеттігін алға тартты. Ал комитет мүшесі Ануар Ілиясова қосымша білім беру педагогтеріне өз қызметін бағалау үшін нақты әдістемелік негіздер мен стандарттар қажет екенін айтты.

Отырыстың соңында «AMANAT» партиясының Партиялық бақылау комитетінің мүшелері орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға мектептер мен қосымша білім беру мекемелерін жаңғырту бойынша мониторингті күшейтуді, әсіресе ауылдық жерлерде, проблемалы нысандарда партиялық бақылау бекеттерін құруды ұсынды. Сондай-ақ, аймақтық партиялық бақылау комиссияларының педагогтер мен жұртшылықтың қатысуымен ашық талқылаулар үшін көшпелі отырыстарын өткізу жоспарланған. Сонымен қатар қосымша білім берудің маңыздылығы мен қолжетімді мүмкіндіктері туралы балалар мен ата-аналардың хабардарлығын арттыру бойынша ағартушылық жұмыстар жүргізілетін болады.

Серіктес жаңалықтары