Мақтаарал ауданына келген гуманитарлық көмек көлемі 500 мың тоннадан асты
«Біргеміз, Мақтаарал!» еріктілер штабы құрылды

Түркістан облысы әкімдігі және «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, жастар мен еріктілердің бастамасы негізінде «Біргеміз, Мақтаарал!» еріктілер штабы құрылды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еріктілер штабының негізгі мақсаты – техногендік апаттан зардап шеккен тұрғындарға көмек беру, қолдау көрсету жұмыстарын жүйелі жүзеге асыру мен еріктілердің жоғарғы үлгілік мәдениеттін сақтай отырып, көмекке мұқтаждардың әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Қазіргі таңда еліміздің барлық аймағына, еріктілер мен жастардың бастамаларымен ұйымдастырылған гуманитарлық көмек керуендері Мақтаарал ауданына толассыз келіп жатыр. Жалпы, Мақтаарал ауданына келген гуманитарлық көмектің көлемі 500 мың тоннадан астам. Облыстық әкімдік пен волонтерлық штаб жанынан құрылған қоймаларда жинақталған азық-түлік, тұрмыстық заттар т.б. гуманитарлық материалдық көмектерді түсіру-тиеу, сондай-ақ эвакуациялық пунктерге шоғырланған тұрғындарға барынша ыңғайлы жағдай жасау – волонтерлардың басты міндетіне жатады», - делінген хабарламада.
«Біргеміз, Мақтаарал!» волонтерлар штабы құрамында төтенше жағдайдың бастапқы күндері, тоғандар мен дамбылар жасауға жұмылдырылған адамдармен қоса есептегенде 500-ге жуық волонтерлар қызмет етсе, бүгінгі таңда тұрақты түрде жұмыс жасайтын 100-ге жуық ерікті бар. Оның ішінде 25 ерікті орталық қоймадағы жұмыстарға жұмылдырылса, 15-ке жуығы штаб қоймасында, 20-дан астам ерікті үлестіру-тасымалдау жұмыстарына тартылған. Сонымен қатар барлық эвакуациялық орталықтарда, түрлі бағыттар бойынша еріктілер қызмет көрсетеді.
«Бүгінгі күнге дейін эвакуациялық пункттердегі тұрғындарға үш мезгіл ыстық тамақ (ауызашар) ұйымдастырылып, короновирус індетінің таралуын алдын алу бойынша сақтық шаралары жолға қойылған. Волонтерлардың көмегімен 20000-нан астам бетперделер мен антисептикалық құралдар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді», - делінген хабарламада.
Он күн ішінде «Біргеміз, Мақтаарал!» волонтерлар штабы 1100-ден астам тұрғынға, 150 отбасыға 50 тоннаға жуық азық-түлік, қажетті киім-кешек, құрал-сайман, тұрмыстық, жеке гигиеналық заттармен жан-жақты әлеуметтік көмек көрсетті.
Айта кетейік, 2020 жылы 1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысы Сардоба су қоймасындағы дамбаның бір бөлігін су шайып кетті. Қазақстанның Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы шекара маңына жақын бірнеше ауыл су астында қалып, өңірде төтенше жағдай жарияланды.
Алғашқы күндері 14 елді мекеннен 31 606 тұрғын эвакуацияланса, нақты 5 елді мекен - Жаңа Тұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдары толығымен су астында қалған болатын.