Қалада 3 балдық жер сілкінісі болды
Бүгін таңертең оңтүстіктегі бірнеше елді мекен мен Алматы қаласында жер сілкінді. Алайда сол сәтте ешқандай дабыл жүйесі іске қосылмаған. Қалалық ТЖ департаменті сиреналар, дауыс зорайтқыш құралдар мен Mass Alert жүйесі қандай жағдайда тұрғындарды құлақтандыратынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖД ақпаратынша, дабыл жүйесі жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 балдан асқанда ғана автоматты түрде іске қосылады.
«Сиреналық және дауыс зорайтқыш құрылғылар, Mass Alert жүйесі сейсмикалық датчиктерден магнитудасы 5,5 балл және одан асатын жер сілкінісі туралы сигнал түскен жағдайда автоматты режимде толық іске қосылады. Осыған байланысты тұрғындар үшін ешқандай ескерту болған жоқ», - деп мәлімдеді ТЖД.
Естеріңізге салайық, 5 қарашада жергілікті уақытпен сағат 10:00-де Алматы қаласынан шығысқа қарай 33 шақырым қашықтықта жер сілкінісі тіркелді. Алматы тұрғындары 3 балдық жер сілкінісін сезсе, Талғар мен Есік қалаларында 4 баллға жеткен. Ал басқа ауылдарда 2-3 балл сезілді.
ТЖ министрлігі Алматы облысының Талғар қаласында қирандылар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түспегенін хабарлады. Барлық нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Алматыда да зақымдалған ғимараттар жоқ. Жағдай тұрақты. Алматы тұрғындарынан «112» желісіне ақпараттық сипатта 50-ге жуық қоңырау келіп түскен.
Жер сілкінісінен кейін Алматы облыстық ТЖД командалық орталығының базасында қауырт желі ашылды: 8 (7277) 22-60-97.