Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды
Белгілі болғандай, жәбірленуші елордаға жұмыс бабымен келіп, уақытша тұру үшін хостелге тоқтаған. Бөлмеде зергерлік бұйымдар салынған сөмкені қалдырып, ол уақытша кетіп қалған. Әйелдің жоқтығын пайдаланып, хостел әкімшісі қосалқы кілт арқылы бөлмеге кіріп, сөмкеден құны 420 мың теңге тұратын алтын тізбекті ұрлап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
«Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы барысында «Есіл» ауданы ПБ қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар 34 жастағы хостел қызметкерін анықтады. Ол ұрланған бұйымды ломбардқа өткізіп, алған ақшаны өз қажетіне жұмсаған.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заттай дәлелдеме тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарды уақытша тұру орындарын таңдағанда мұқият болуды ескертеді. Қонақ үйлер мен хостелде тоқтаған кезде қырағылық танытып, бағалы заттарды қолжетімді жерлерде қалдырмаңыз», - делінген хабарламада.