Министр жедел жәрдем уақытына қатысты өзгерістерді түсіндірді

Өзгерістер жеделдіктің 4-ші санатына қатысты

Министр жедел жәрдем уақытына қатысты өзгерістерді түсіндірді
Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қоғамда шу болған жедел жәрдем уақытына қатысты бұйрық жобасына түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, бұйрық жобасын «Ашық НҚА» порталында жария талқылау аяқталған, бірақ құжат әлі бекітілген жоқ.

«Бұйрық жобасы әу баста өзгермеген, жедел медициналық көмек қызметі 24/7 режимінде жұмыс істейді және жеделдіктің 1, 2 және 3 санаттарына қызмет көрсетеді делінген. Қазір сарапшылар медициналық көмек қолжетімді әрі жылдам болуы үшін 4-санатты түнгі уақытта шұғыл медициналық көмек станциясына беруді, ал емханаларда жұмыс уақытын 08:00-ден 20:00-ге дейін және сенбі күні қалдыруды ұсынып отыр», - деді ол мәжіліс кулуарында.

Әлназарова кешкі сегізден кейін және демалыс күні жеделдіктің 4-санаты бойынша азаматтар жедел медициналық көмекке жүгіне алатынын нақтылады.

Айта кетерлігі, жеделдіктің 4-санаты дегеніміз – пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қатер болмаған кезде, жіті аурудан немесе созылмалы аурудың қозуынан туындаған жағдай.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.