Жоғары аудиторлық палатаның тексерісінен кейін 12 материал құқық қорғау органдарына берілген
Тоғыз ай ішінде республикалық бюджетке 115 млрд теңге қайтарылған
ЖАП мемлекеттік аудиторлардың тексерістерінен кейін 12 материалды іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына тапсырған. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол Жоғары аудиторлық палата биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша 9 трлн теңгеден астам қаражатты қамтып 18 аудиторлық іс-шараны аяқтағанын атап өтті.
«Осы жұмыстың аясында 640 млрд теңгеге әртүрлі заңбұзушылықтар анықталды. Оның жартысы 318 млрд теңге – активтерді тиімсіз пайдалану, 133 млрд теңге – қаржылық заңбұзушылықтар және 187 млрд теңге – тиімсіз жоспарлау. Осы жұмыстың нәтижесінде республикалық бюджетке 115 млрд теңге өтелді. Былтыр, мысалы, бұл қаражат 5 млрд теңге ғана болатын. Яғни биыл мемлекеттік аудит жұмысының тиімділігі едәуір көтерілді деген сөз. 115 млрд теңге – тоғыз айдың қорытындысы бойынша өтелетін барлық қаражаттың 90 пайызы», - дейді Смайылов Мәжіліс кулуарында.
ЖАП тексерістерінен кейін 30 жеке тұлға және 16 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке, ал 173 тұлға тәртіптік жауапқа тартылған.
«12 материал тиісті істерді қозғау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді», - деп атап өтті Смайылов.
Айтуынша, аудиторлық шаралар әлі жалғасып жатыр, таяуда аяқталады. Олардың қатарында ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидияның тиімді жұмсалу мәселесі де бар. ЖАП аудит қорытындыларымен желтоқсан айында Мәжіліске келуді жоспарлап отыр.