Мультфильмдердің сапасына, контентке ерекше көңіл бөлінеді
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов балалардың сапалы мульфильм көруі үшін 350 миллион теңге бөлу нормасы заңға енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат осы бағытта атқарылып жатқан шаруаны Telegram парақшасында жазды.
«Қазақ тіліндегі мультфильмдер өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқтың қасы. Бүгінгі күні бұл үлкен мәселе, өйткені балалар теледидардан гөрі интернет пен YouTube-ты көбірек таңдайды. Балалар «Синий трактор» мен «Маша и Медведь» сияқты мультфильмдермен шектелмей, сапалы әрі қызықты қазақша мультфильмдерді көруі тиіс.
Осы мақсатта, келесі жылдың бюджет жобасын қарастыру барысында, қазақ тіліндегі мультфильмдер жасауға 350 миллион теңге бөлуді және олардың тек теледидарға емес, міндетті түрде интернетке, соның ішінде YouTube-қа жүктелуін қамтамасыз ететін норманы заңға енгіздік. Бұл балалардың қазақ тілінде қызықты контентке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді деп сенеміз», - деп жазды Мәжіліс депутаты
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі өз сөзінде контент сапасын арттыру қажеттілігіне де баса көңіл бөлінетінін ерекше қозғап өтті.
«Қазақша балалар контентін жасауда белгілі бір қиындықтар бар. Мәселен, «Балапан» телеарнасының контент жасаушыларға төлейтін қаражаты өте аз болғандықтан, олар тек қазақ тілін қолдау мақсатында жұмыс істеп, көбіне волонтер сияқты әрекет етеді. Сондықтан, осы бюджет арқылы бөлінген қосымша қаражат қазақша контенттің сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз.
Жалпы, балалар арасында қазақша контентті тұтыну бойынша сапалы ғылыми зерттеу жүргізу қажет. Осыған байланысты Ғылым министрлігіне тиісті ұсыныс жасадық», - дейді Асхат Аймағамбетов.
Мәжіліс депутатының айтуынша, әлемдік танымал мультфильмдерді де қазақшалап, қолжетімді ету мәселесі қарастырылып жатыр.
«Сонымен қатар, әлемдік хит мультфильмдерді де мемлекеттік тілге аударып, YouTube-қа жүктеу маңызды. Бұл үшін авторлық құқық иелерімен ауқымды жұмыс қажет. Әзірге бұл мәселе толық шешілген жоқ, бірақ алдағы уақытта осы бағытта жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз», - деп ойын жеткізді.