Сенің жеңісің үшін елдің туын көтеріп жатыр, ол әрине қуаныш! - 75 жастағы Powerlifting спортшысы
Дәрігер-спортшы Қайрат Тұрлыбеков өмірін спорт залынсыз елестете алмайтынын айтады
Powerlifting спортынан 75 жасқа келіп, Азия чемпионы болған Қазақстандағы жалғыз адам Қайрат Тұрлыбеков «Бәрі ашық» Youtube-арнасына сұхбат берді. Ол осы спортпен 45 жасынан бері айналысып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көкшетаудың тумасы Қайрат Тұрлыбековтің мамандығы - дәрігер. Ол Қарағандыдағы медициналық институтта оқытушы болып, кейін облыстың денсаулық сақтау басқармасында бас терапевт болып жұмыс істеген. Ақмола облысының жедел көмек станциясын 12 жыл басқарған. Мәскеудің кардиология институтында аспирант білімін алған ол кейін докторлық диссертациясын қорғаған. Қазіргі күні университетте ұстаздық етумен қатар кәсіпқой спортпен айналысады.
Дәрігер-спортшы Қайрат Тұрлыбеков өмірін спорт залынсыз елестете алмайды.
«Спортшы боламын деген ойым жоқ, өзіме қуаныш әкеледі. Спорт залына келмесем көңіл-күйім бұзылады, денсаулығым дұрыс болмайды», - дейді ол.
Қамал бұзар шағында Powerlifting-пен айналыса бастаған оны әуел басында жұбайы да, ағайын-туысы да түсінбеген.
«Жұбайым қарсы болды. Үйде неге істей бермейсің дейтін. Үйдегі жаттығу залдағыдай нәтиже бермейді. Менің залға қайта-қайта барып, шынығып жүргенімді 2-3 жылдай көрген ол түсінді. Қазір әйелім менің спорт киімдерімді жуып, тазалап, дайындап беріп, қолдап жүреді. Қазақ деген қонақжай халықпыз, той-томалақ, жиындар бар дегендей... Ондай кезде залға баратын болсам, қонаққа бармауыма тура келеді. Жаттығуды тастап кете алмаймын. Шын ниетіммен спортпен айналысып жүргенімді қазір туған-туыс, жора-жолдастар да түсінген. «Ол жаттығу залында жүр, оған ренжуге болмайды, кедергі келтірмейік» дейтін болған», - дейді спортшы.
Қайрат Тұрлыбеков үш рет Азиядада өнер көрсетіп, жүлделі оралған.
«2015 жылы Ташкентке бардым, ол жақтан қола медаль алдым. 2019 жылы Алматыдан жеңімпаз болып оралдым. Ал Малайзияда осы спорттың ардагерлері ішінде абсолютті чемпион атандым. Құдайдан бәрі! Сенің жеңісін үшін елдің туын көтеріп жатыр, ол әрине қуаныш!», - деді ол.
Қайрат Тұрлыбеков 145-150 келіні отырып-тұрып көтереді, 110 келіні жатып көтереді, 170 келіні жұлқып көтереді. Оның нардың күшіндей шамасына, болаттай мықтылығына жаттықтырушысы Андрей Шаляпин басын иетінін жеткізді.
«Ол ардагерлер ішінде соңғы категорияда өнер көрсетеді. Негізі 4 категория бар: 41 жастан кейінгі, 52 жастан кейінгі, 63 жастан кейінгі, 70 жастан кейінгі топ. Қазақстанда ардагерлердің төртінші тобында өнер көрсетіп, Азияда чемпионы болған адам жоқ. Ал ол барып жеңіп жүр, керемет адам. Университетте оқытушы болып жұмыс істейді. Шәкірттері құрметтейді, спортшылар ұжымы құрметтейді. Жастар үлгі тұтатын жан. Кеше ғана 120 келілік зілтемірді көтеріп, 5 рет отырып тұрды. Оған бұл қиын емес. Әрине, табиғат анадан дарыған күш қой, одан кейін жаттықтырушылар тобының жұмысы. Бәрін қадағалап, жазып, бақылап отырамыз. Аптасына үш рет залға келеді. Үнемі қасымызда, ортаның сәні болып жүреді», - дейді жаттықтырушы Андрей Шаляпин.
Қайрат Тұрлыбеков жаттықтырушыларының өзін үнемі қолдайтынын, осы спортты тастап кетпей жүргеніне үлесі зорын атап өтті.
«Маған осындағы жаттықтырушылар қолдау көрсететді. 7-8 жыл бұрын осы айналысқаным жетеді деп спортты тастап кетпек болғанмын. Жасым 70-ке таяп қалды, маған осы не керек деген ойлар мазалап, жаттықтырушыға пікірімді айттым. Жаттықтырушым айтады, «ал кеттің делік, содан өзіңе жақсы бола ма, аяғыңды сүйреп басып, жүрісің де қартаяды. Қазір денсаулығың жақсы, неге тоқтатасың, жасай бер, жүре бер деді. Содан кейін кетемін деген ойды мүлде миымнан шығарып тастадым», - дейді дәрігер.
Қайрат Тұрлыбеков қария жасында қалай чемпион болғанын айтып, спортпен қалай шұғылданудың жолын да атап өтті.
«Чемпионаттарға қатысып, елдің туы көтіріліп, әнұранымыз ойнап жатқанда көңілім көтеріліп, ризашылық пайда болады. Чемпион болудың сыры – еңбекққорлықта, спорт деген еріккеннің ермегі емес. Бүгін барып, ертең тастап жүретін іс емес. Адам өзін төзімділікке баулып, тәрбиелеу керек. Мен спортзалға келмесем, өзім жапа шегемін. Спортпен айналысқан адам - дұрыс методиканы, дұрыс тамақтану және уақытылы ұйқыны қолға алу керек. Бұлшық еттерге күш түскен соң, оның орнын осылар толтырады. Егер дұрыстап қалпына келмесе, онда бұлшық ет шаршай бастайды. Текке залда ауыр көтере беру дұрыс емес. Тіпті отырып тұратын жаттығудың да өз тәртібі бар, дұрыс істемесең зақым алып қаласың. Зілтемірді дұрыс көтермесең, жаттығуға айына бір келсең теріс әсер етеді», - дейді қарт спортшы.