Жаңбырлы күні жол жөнделіп жатыр ма? Ақтөбеде мердігер жұмысын келесі жылға қалдыратын болды

Автор: Аубакирова Нургуль

Видеода асфальтты тегістеу кезі түсірілген, дейді олар

Фото: видеодан скриншот

Желіде Ақтөбе қаласында мердігерлер жаңбырлы күні жолға асфальт төсеп жатқаны жазылған видео жарияланды Анықталғандай, бұл кадрлар Марат Оспанов көшесінде түсірілген. Осы көшені жөндеп жатқан «Атырау инжстрой АИС» ЖШС мердігер ұйымы Azattyq Rýhy тілшісіне ресми жауап берді.

Мердігер ұйымның өкілі Саясат Бекжанұлы М.Оспанов көшесінде орташа жөндеу жүріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, видеода асфальт төсеу емес, жабындыны тегістеу сәті түсірілген.

«Біз бұрын бұл көшеде болмаған суағар жүйесін орнаттық. Одан бөлек жоба аясында тротуарлар салып жатырмыз және жол жиегіне граниттен бордюрлер орнатылды. Асфальт жабындысының бірінші қабатын тамыз айында салдық. Өткен аптада екінші қабатын салдық. Осы екінші қабатын салып жатқанымызда жаңбыр жауды. Біз жұмысты бірден тоқтаттық. Келесі күні жаңбыр басылғанда жалғастырдық. Ал видеода өзіңіз көріп тұрғандай, асфальт төсеу жұмысы емес. Видео каток машиналар сол учаскеге жаңбыр жауғанға дейін салынған асфальт жабындысын тегістеу кезі түсірілгенін көрсетіп тұр», - дейді ол.

Мердігердің айтуынша, жоба келесі жылға ауысады. Жұмыс толығымен 2025 жылы аяқталады, тапсырыс беруші мердігер ұйымнан әзірге қабылдап алмаған.

«Тапсырыс беруші – қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы. Олар келесі жылы жол зертханасының қорытындысы негізінде ғана қабылдап алатын болды. Ал кеткен кемшіліктер болса, кепілдік мерзімі аясында қайта жөндейміз. Жұмысымыздың кепілдік мерзімі – 5 жыл», - дейді Саясат Бекжанұлы.