«Балалардың шайынан құрт шықты»: Алматы облысының оқушылары не жеп, не ішіп жүр (ВИДЕО)

Автор: Аубакирова Нургуль

Дәлел болса да, еш шара қолданылмай отыр, деп қынжылды қор белсендісі

Фото: видеодан скриншот

Қазақстанның оңтүстігіндегі мектептерге тексеріспен барған «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының белсендісі Әсет Оңалбаев асханалардағы антисанитарияға куә болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қор белсендісі Алматы қаласы, Түркістан, Жетісу және Алматы облыстарындағы мектеп асханаларын тексерген. Алматы облысындағы бір мектепте егеуқұйрық жүрсе, енді бірінде балаларға ашыған айран берген. Әсет Оңалбаев видеоларды көрсетіп, тиісті шара қабылдауды талап еткенімен, құзырлы органдар тарапынан ешқандай әрекет жасалмай отыр.

«Бір интернаттан балалар ішіп отырған шайдан құрт шықты. Тағы бір интернаттан егеуқұйрық шықты. Сол жайттар СЭС‑ке жетпеген, бұл қалай сонда? Мысалы, Кемертоған мектебі бойынша білім бөлімінің де қағазы бар, шағым жасап, СЭС-ке бергені жазылған. Алайда ол қағаздар ешқайда жетпеген. Бала деп шырылдап отырған білім бөліміне сеніп отырмын ғой. Сондағысы білім бөлімінен екі-ақ арыз түскен, қалған арыздар 4-5 ата-ананың және менің атымнан түскен», - дейді «Мектеп мәзірі» жобасының жетекшісі Әсет Оңалбаев.

Оның айтуынша, бұл мәселеге қоғам назарын аудару үшін әр мектептің 1-4 сыныптағы оқушыларының ата-аналары белсенді болуы керек.

Осыған байланысты «Әділдік және өркендеу» қоры 14-28 қазан аралығында әлеуметтік мониторинг жүргізеді. Мемлекеттік мектептердегі тамақтың сапасына қатысты сауалнамаға бір аптада 10 мыңға жуық адам қатысқан.

Қоғамдық қор сауалнама нәтижелерін БАҚ-та жариялап, Оқу-ағарту министрлігіне және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға жібермек.

Тегтер: