$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақмола облысындағы «Ассамблея жастарының» тыныс-тіршілігі қандай - маманның сұхбаты

Жастар облыстың қоғамдық өміріне белсенді араласып жатыр

Ақмола облысындағы «Ассамблея жастарының» тыныс-тіршілігі қандай - маманның сұхбаты
Фото: жеке мұрағат

Ақмола облысының «Ассамблея жастары» қоғамдық ұйымының жастармен өзара іс-қимыл жүргізетін және ҚХА құрылымы бойынша жауапты маманы Яна Крючек облыстағы жастардың дамуы мен қоғамдық өміріне қатысты қандай іс-шаралар атқарылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің 2021 жылғы қазандағы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Ассамблеяның жастар құрылымдарын «Ассамблея жастары» бірыңғай республикалық жастар ұйымы етіп қайта құру туралы тапсырма берген болатын.

2021 жылғы 17 қарашада республикалық қоғамдық бірлестік әділет органдарында ресми тіркелді және бүгінгі күні республикалық маңызы бар қалаларда және барлық облыста 17 өңірлік өкілдік құрған.

Этномәдени бірлестіктердің жастармен өзара іс-қимыл және ҚХА құрылымы бойынша маманы  Яна Крючектің айтуынша, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестік болып саналады.

«Қазіргі таңда Ақмола «Ассамблея жастары» өзге ұлт өкілдігінің 70 мүшесінен құралған. «Ассамблея жастарын» біріктіретін - татулық пен бірлік.  Қазір бірнеше жоба жүзеге асып жатыр. Атап кететін болсақ, «Жаңа толқын», «Таза Қазақстан», «Жүз игі іс», «Жүректен жүрекке», «Үйде қазақша сөйле», «Мемлекеттік тілге жеті қадам». Аталған жобалардың барлығы қазір іске асып жатқан жобалар», - дейді Яна Крючек.

Яна атағандай, ол осы жұмысқа үлкен бір мақсатпен келген.

«Мен өзге ұлт болсам да, мемлекеттік тілді жетік меңгергенмін. Жастармен тез тіл табыса аламын. Оқуды аяқтаған соң Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісімге» жұмысқа орналасамын деп шешім қабылдаған едім. Себебі 7-сыныптан бастап осы жердің түрлі іс-шараларына қатысып, әкімшілік тарапынан көп марапатқа ие болдым. Сол маған шабыт берді», - дейді маман.

Оның айтуынша, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінде волонтерлік көмек бар.

«Менің волонтерлік топтан құрылған студенттерім бар. Біз осы 2024 жылы қазан айында қарттар күніне орай қарттардың үйіне барып, мерекелік концерт қойып, сый-сияпат тараттық. Сондай-ақ басқа да көмек көрсетіп, жақсылық жасауға тырысамыз. Волонтерлерге осындай көмек көрсеткен өте қатты ұнайды. Ерікті болуды жүректері қалап тұрады. Жылдың сонында ең белсенді волонтерді таңдап, марапаттаймыз. Дәл солай, «Ассамблея жастары» да марапаттарға ие болады», - дейді ол.

Яна Крючектің айтуынша, еліміздегі барлық этнос арасындағы шынайы келісім мен бірлікте тұрмыс кешуі, ең алдымен қазақ халқының ата-дәстүрі мен табиғи кеңпейілдігі, ұлттық ділінің кеңдігі арқасында.

«Қазір Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші алаң рөлін атқарып отыр. Төрт жылдың ішінде аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы құралға айналғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. «Ассамблея жастарының» негізгі бағыты барлық этностық топтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру», - дейді Яна Крючек.

Статистикаға сүйенсек, 2024 жылғы қаңтардағы мәлімет бойынша, Ақмола облысында 787 976 адам тұрады. Оның ішінде 100-ден астам этнос өкілі және этникалық топтар бар. Атап айтсақ,  445 647 (56,5%) - қазақ, 208 694(26,4%) - орыс, 39 384(4,9%) - украин, 29 877 (3,7%) - неміс, 13 571 (1,7%) - татар, 11 713 (1,4%) - белорус, 8 447 (1%) - поляк, 4 640 (0,5 %) – ингуш, 3 307 (0,4%) – шешен, 2 274 (0,2%) – әзірбайжан, 2 122 (0,2%) – башқұрт, 17 993 (2,2%) - басқа этностар, 307 (0,03%) – көрсетпеген.

Ал Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясындағы адам саны 124 адам, оның құрамында этномәдени бірлестіктердің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, ҚХАА қоғамдық құрылымдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, қандастар, қоғамдық пікір көшбасшылары бар. Ақмола облысынан Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына 24 адам кіреді.

Облыстық ассамблеяның тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін Көкшетау қаласында «Қоғамдық келісім» КММ, Степногорск қаласындағы Достық және шығармашылық үйі жұмыс істейді.
Облыста 47 этномәдени бірлестік тіркелген. Ақмола облысы этностарының өкілдері облыстың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму процесіне белсенді қатысуда.

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанында келесі құрылымдар құрылып, жұмыс істейді:

  • Ғылыми-сарапаттамалық топ - ол Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының қызметін ғылыми сүйемелдеу үшін құрылған. Құрамына 18 адам кіреді (саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, тарихшылар, психологтар, лингвистер, заңгерлер, ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, магистрлер).
  • Ақсақалдар кеңестері. Кеңес 2023 жылғы қаңтарда құрылды және есепті кезеңде облыста 208 адамды қамтитын 21 кеңес жұмыс істейді.
  • Аналар кеңесі. Облыста 104 аналар кеңесі жұмыс істейді, оның ішінде 1 - облыстық, 3 - қалалық, 15 -аудандық, 85 - ауылдық.
  • Медиация кеңестері. Облыста этномедиацияның 1 кабинеті және 19 алаңы жұмыс істейді, ҚХАА-мен ынтымақтасатын 12 кәсіби және 19 қоғамдық медиатор қызметін жүзеге асырады.
  • Журналистер клубы. Клуб құрамына 17 адам кіреді – облыстық, қалалық газеттердің және облыстық теледидар өкілдері. Журналистер клубы «Қоғамдық келісім» КММ құрылымдық бөлімшелерінің және ЭМБ өткізілетін іс-шараларын, сондай-ақ, мемлекеттік мерекелерге, этносаралық бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтауға арналған жарияланымдарды хабардар ете отырып, БАҚ беттерінде мақалалар мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдар тұрақты негізде жариялайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының ерекше рөлін атап өткен еді.

«Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз. Ассамблея дүниеге келген жылдан бері атқарған қызметі мен жүріп өткен сара жолы қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісі әлемдік қауымдастық алдында беделді ұйымдардың бірі болып, ел қоғамының құрамдас бөлігіне айналды», - деген еді Мемлекет басшысы.

Президентіміз халықтар арасындағы достықты нығайтатын қайырымдылық екенін баса айтқан. Ал ақмолалық жастар еріктілікпен айналысып жүргені де осы қайырымдылықтың нышаны.

«Халықтар арасындағы ажырамас ынтымақ жібін жалғап жатқан керемет келбет – қайырымдылық. Ұлы мекенде ұрпағымен өсіп-өніп отырған өзге этнос өкілдері ерлер етігімен су кешкен тасқынға тосқауыл ісінде де бір екендігін байқатты... Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі», - деген еді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында.

Серіктес жаңалықтары