$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Егемендіктің орны қандай болса, Республика күнін дәл солай атап өтуіміз керек - саясаттанушы

Республика күні ел бірлігінің символына айналу керек дейді Қазбек Майгелдинов 

Егемендіктің орны қандай болса, Республика күнін дәл солай атап өтуіміз керек - саясаттанушы
Фото: Қазбек Майгелдиновтың жеке мұрағатынан

Республика күні Президенттің Ұлттық құрылтайдағы бастамасынан кейін қайтадан ұлттық мереке атанып, тойланып келе жатқанына биыл үшінші жыл толды. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, мемлекеттік рәміздері бар екенін айқындайтын құжат егемендік туралы декларация қабылданған еді. Бес жылдан кейін 25 қазан – ұлттық мереке атанды, бірақ 2009 жылдың 22 сәуірінде бастап қайтадан елеусіз күнге айналды. Ел түсінігінде мән-маңызы солғын тартқан әдеттегі апта күндерінің бірі болып қалды.

Атаулы дата араға 13 жыл салып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2022 жылы жалғыз ұлттық мереке статутын иеленді. Президент Ұлттық құрылтай отырысында 25 қазан егемендіктің маңызын көрсететін Қазақстанның ең басты мерекесі ретінде атап өтуге тиіс екенімізді айтты. Содан бері небары үш жыл өтсе де, халқымыз Республика күнін үлкен қуанышпен қарсы алатын болған. Azattyq Rýhy тілшісі алдағы уақытта Республика күні тек мереке ғана емес, қоғамда қандай саяси-әлеуметтік маңызға ие болатынын саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтен сұрап көрді.

«Республика күні тәуелсіздік жолының бастауы болды десек қателеспейміз. Өйткені Қазақстанның жаңа мемлекеттігін қалыптастырып, толыққанды тәуелсіздікке қол жеткізуі 1990 жылы 25 қазандағы Егемендік туралы декларацияны қабылдаудан басталды. Республика күні тәуелсіз Қазақстанның қалыптаса бастауының өзегіне айналды. Егемендік туралы декларация қазақ халқының өз-өзін анықтауын, дербес дамуын, жеке өркендеуге қабілетін көрсеткен алғашқы құжат болды», - дейді ол.

Саясаттанушы ұлттық мерекенің мемлекеттік мерекеден айырмашылығын түсіндірді.

«Ұлттық мереке - мемлекеттің өміріндегі маңызды кезеңін айқындайтын бірегейлігімізді білдіретін, ұлтымызды ұйыстыратын мереке. Ал мемлекеттік мерекелер елдің қандай да бір әлеуметтік-саяси, экономикалық жетістіктерімен байланысты болып келеді. Егемендіктің ел тарихында қаншалықты орны болса, соншалықты ерекше құрметпен атап өтуіміз керек», - дейді ол. 

Оның айтуынша, бұл күні тек қана тарихи жетістіктерімізді еске алып қана қоймай, елдің болашағын дамытуға, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға, жас ұрпақты патриотизмге, өз тарихына құрметпен қарауға тәрбиелейтін жұмыстарға назар аудару керек. Сол күні ақпараттық медиа кеңістігінде осы бағыттағы дүниелер көбірек көрсетіліп, насихатталуы керек. Республика күні ел бірлігінің символына айналу керек деп санайды саясаттанушы. 

«Егемендік туралы декларацияны қабылдағаннан бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Қазақстан 30 жылдан астам уақыттың өте терең әлеуметтік және саяси трансформациядан өтті. Соңғы бес жылда өзгерістерге шынайы қадамдарға куә болып жатырмыз. Қазір еліміз жаһандық, өңірлік бастамалардың белсенді қатысушысы, халықаралық арена ойып тұрып орын алған мемлекет ретінде танылып отыр. Бұл үлкен көрсеткіш деп ойлаймын». - дейді Қазбек Майгелдинов.

Серіктес жаңалықтары