Республика күні – елдегі жалғыз ұлттық мейрам
Қазақстан халқы биыл үшінші жыл Республика күнін дүбірлетіп атап өтеді. Он жылдан астам уақыттан кейін қайта жаңғырған ұлттық мейрамның мән-маңызы туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракцияның мүшесі Мұқаш Ескендіров тарқатып айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның қабылдануы тәуелсіздікке бастаған алғашқы қадам болды.
«Сол жаңалықты зор қуанышпен қарсы алғанымыз әлі есімде. Ол кезде Кеңес одағының құрамында болған едік, бірақ сонда да бұл тәуелсіздігіміздің бірінші қадамы болды деп айтуға болады. Егемендік алған жылдары Тәуелсіздік күнін де, Республика күнін де бірге тойлап жүрдік. Кейін әртүрлі себептермен, менің ойымша, саяси астары да болған сияқты, мерекелер қатарынан шығып қалды. Араға жылдар салып мемлекет басшымыз Республика күнін қайтадан дәріптеп, үлкен мейрам ретінде өткізуі өте дұрыс шешім деп санаймын. Біз енді республика болдық қой. Республиканың барлық атрибуты бар. Сол себепті мен де қолдаймын, мемлекетіміздің ең маңызды мерекесі деуге болады. Сондықтан Республика күнін жоғары деңгейде атап өткеніміз жөн деп ойлаймын», - дейді Ескендіров.
Мәжілісмен Қазақстан отыз төрт жыл ішінде қай салада болмасын үлкен жетістіктерге жеткенін ерекше атап өтті.
«Біз егемендігімізді төрткүл дүниеге әйгілеп, дүние жүзінде Қазақстан деген үлкен мемлекет бар деген дәрежеге жетіп отырмыз. Экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрғыдан қарасақ та, мұның барлығы – жаңа Қазақстан. Бұл жерде бірнеше ұрпақ ауысты, мемлекет басшылары да өзгеріп жатыр, талай үкімет басшылары да өзгерді. Өзіміздің парламенттің де қазір сегізінші шақырылымы болып жатыр. Мұның бәрі былай қарасақ тарих. Менің бір қуанатыным, бүгінгі Қазақстанның халқы бостандыққа үйренген, баяғыдай алаңдайтын жағдай емес. Сондықтан, менің ойымша, бұл үлкен жетістіктердің бірі», - деп санайды депутат.
Осы орайда халық қалаулысы елдегі жалғыз ұлттық мейрамды атап өтуге қатысты ойымен бөлісті.
«Осындай мерекенің алдында өткенге ой жүгіртіп, экономикада болсын, әлеуметтік салада болсын, қандай нәтижелерге қол жеткіздік, қандай жетістіктеріміз бар, соларды саралап, келешекті айқындауымыз керек. Елдің дамуына қосқан ерен еңбегі үшін марапатталатын азаматтарымыз бар. Соңғы жылдары мемлекет басшысы елге еңбегі сіңген жандарды жыл бойы әртүрлі кәсіби мерекелерде марапаттап жатыр. Бұл дәстүрді өз басым құптаймын. Республика күнін де сондай жетістіктермен тойлап өткеніміз дұрыс деп ойлаймын. Бірақ ысырапшылдыққа жол бермеуіміз қажет. Мемлекет қаржысын оңды-солды шашпай, орнымен жұмсап, мейрамды жоғары деңгейде атап өткеніміз жөн», - дейді Ескендіров.
Депутаттың өзі Республика күнін отбасымен бірге, балалары мен немерелерінің ортасында қарсы алады екен.
«Ең үлкен мереке отбасында болуы керек деп ойлаймын. Отбасы мүшелері осы мерекені сезінсе, одан асқан жетістік жоқ», - дейді ол.
Мұқаш Ескендіров барша қазақстандықты келе жатқан Республика күнімен құттықтап, еліміздің келешегі мен дамуы жолында аянбай еңбек етуге шақырды.