Еркебұлан Мәмбетов үкіметтен астық нарығындағы күрделі жағдайды реттеуді талап етті

Автор: Нұргүл Абай

Мәжілісмен астықты сатудың жаңа нарықтарын іздеуді ұсынды

Фото: t.me/aqorda_resmi

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еркебұлан Мәмбетов премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында астық нарығындағы проблемаларға тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат келтірген Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша бүгінгі таңда негізгі дәнді дақылдар бойынша 15,8 млн гектардан астам дәнді және бұршақты дақылдар жиналған. Орташа өнімділік 15,2 ц/га, 25,2 млн тоннадан астам астық бастырылды.

«Былтырғы қиындықтарды, фермерлердің қаржы институттары, техника мен материалдық ресурстар жеткізушілері алдындағы міндеттемелерінің ұзаруын ескере отырып, астықты тез арада әділ бағамен сату қажеттілігі бар. Алайда бүгінгі таңда астық нарығында өте күрделі жағдай қалыптасып отыр: элеваторлардағы сыйымдылықтардың жетіспеушілігі және сатылымның болмауы. Қостанай облысының "Мелитопольское" ЖШС директорының айтуынша, қазір астық өткізу нарығын қамтамасыз ету маңызды. Өнім бағасы төмендеп жатыр, диірмендер тоқтап тұр, жөнелтудің нақты мерзімі жоқ. Элеватордың техникалық мүмкіндіктері астықты жедел қабылдауға, кептіруге және жөнелтуге мүмкіндік бермейді», - дейді ол.

Осыған байланысты Мәмбетов Үкіметтен астық нарығындағы жағдайды реттеу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.

«Сақтау көлемі жеткіліксіз болғандықтан, шаруа қожалықтары бидайды элеваторларға таси алмайды. Желілік элеваторлардың көбісі Азық-түлік корпорациясының астығымен толып тұр. Сондықтан астықты ел ішінде бөлу, яғни астық көлемін оңтүстік өңірлердегі бос элеваторларға жөнелту мәселесін шешу қажет», - деп санайды мәжілісмен.

Оның пікірінше, астықты сатудың жаңа нарықтарын іздеу қажет.

«Астықтың жедел экспортын ынталандыратын мәселелерді қарастыруды ұсынамыз. Қазіргі уақытта дәнді, бұршақты және майлы дақылдарды Еуропа нарығына тасымалдауда қиындықтар бар. Бұл мәселе де Үкімет тарапынан жедел шешуді талап етеді», - деп түйіндеді сөзін Мәмбетов.