Депутаттың қасында спортшы досы ғана болған
Әлеуметтік желіде Талғардағы қаралы үйге мобилограф ертіп апарып, қайғылы оқиға болған дүкеннің алдында фотоға түсті деп сынға қалған Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров журналистерге сұхбат берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Назаров Алматы облысының Талғар қаласына депутат ретінде емес, азамат ретінде барғанын атап өтті.
«Мен сол өңірдің, Алматы облысының азаматымын. Талғардағы жағдайдан басынан бері хабардар болып отырдым. Алматы облысының әкімдігінен, Талғар ауданының ішкі істер бөлімінен ақпарат алып отырдым. Соңында істің ушығып бара жатқанын көрген соң, азамат ретінде бәрін өз көзіммен көрейін деп, Қаржаубай бауырымның өзі қалай, бір шетінен қайғырып отырған отбасына көңіл айтайын деген мақсатпен бардым. Кейбірі жоғары жақтан тапсырма берді деген соң барды деп айтып жатқандар бар. Жоқ, олай емес. Сол күні мен ешкімнің тапсырмасынсыз бардым», - деп түсіндірді депутат Мәжіліс кулуарында.
Депутат Талғарға өзімен бірге мобилограф ертіп апармағанын да айтты.
«Біз де әкеміз, ағамыз, біздің де ініміз бар. Біздің де балаларымыз бар. Отбасына үлкен өкініш, үлкен қайғы. Менде қасыма түсіретін адам ертіп апару деген ешқандай ой болған жоқ. Мен ешкімді ертіп барған жоқпын, өзім бардым. Қасымда спортшы досым ғана болды», - деді Назаров.
Мәжіліс депутаты іс әділ тергеліп, кінәлілер тиісті жазасын алса екен дейді.