Қазақстанда бір адам 10 SIM-картадан артық қолдана алмауы мүмкін
Мұндай шектеу алаяқтармен күресуге көмектеспек
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бір адамға сатылатын SIM-карталардың санына шектеу енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Цифрлық даму вице-министрі Асхат Оразбектің айтуынша, қазір SIM-карталар санына шектеу де, бақылау да жоқ. Кез келген азамат қанша SIM-карта сатып алғысы келсе, сонша алады.
«Біз жеке тұлғалар алатын SIM-карталардың санын шектеуді ұсынып отырмыз. Қазір бізде бір адамға бақылаусыз бірнеше SIM-карта беруге болады. Біз енді 10 SIM-картадан аспауға тиіс деген шектеу қойғымыз келеді», - деді ол Мәжіліс кулуарында.
Вице-министр бір қолға 10 SIM-карта көп емес деп санайды. Өйткені қазір адамдарда бір емес, бірнеше құрылғы бар. Оның үстіне ата-аналар балаларына да SIM-карта сатып алады.
«Барлық SIM-карта жеке тұлғаның өз атына тіркеліп, ол қолданатын құрылғының IMEI кодына бекітілуге тиіс. Осылайша алаяқтар азаматтарымыздың SIM-карталарын бақылаусыз пайдалана алмайды», - деп түсіндірді Оразбек.