Жол жүру билеттерін сату 15 мамырдан басталады
ҚР ИИДМ жолаушылар пойыздарының жүруін қайта бастау туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«13 мамырда коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында ел ішінде жолаушылар пойыздарының жүруін қайта бастау туралы шешім қабылданды. Жолаушылар пойыздары халықтың сұранысын ескере отырып, 2020 жылғы 1 маусымнан бастап кезең-кезеңімен және өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жүзеге асырыла бастайды. Атап айтқанда, бастапқы кезеңде 54 пойыз іске қосылады», - деп жазылған хабарламада.
Оның ішінде:
- Нұр-Сұлтан – Алматы, Маңғыстау, Өскемен, Сарыағаш, Семей, Арқалық, Павлодар, Петропавл/Қызыл Ту, Орал, Жезқазған, Қызылорда;
- Алматы – Шымкент, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Сарыағаш, Өскемен, Жезқазған, Орал, Петропавл; - Қызылорда – Семей;
- Қостанай – Қарағанды, Арқалық, Алматы;
- Қарағанды – Жезқазған; - Қызылорда – Көкшетау, Петропавл және қала маңы қатынастары бағыттары іске қосылады.
«Жол жүру билеттерін сату 15 мамырдан басталады. Жолаушыларды және пойыз бригадасын барынша қорғау үшін тасымалдау Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігердің ұсынымдарына сәйкес, сондай-ақ келесі шараларды сақтай отырып жүзеге асырылады: дене температурасын өлшей отырып, пойыз бригадалары қызметкерлерін рейс алдында медициналық тексеру; жолсеріктердің және жолаушылардың жол жүру жолында міндетті түрде бетперде киюі; отырғызу және түсіру кезінде қашықтықты сақтау», - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар жүру жолында вагондардың ішінде ылғалды тазалау жиілігін арттыру және қалыптастыру пунктерінде дезинфекциялау, жолаушылардың пойыз құрамы вагондарының арасында жүруіне және объективті себепсіз купеден шығуына тыйым салынады.