$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.10.2024, 10:05
Қоғам

Ақтөбенің автопаркі жаңа автобустармен толықты

 Облыс әкімі автопаркті өзі аралады

Ақтөбенің автопаркі жаңа автобустармен толықты
Фото: Ақтөбе әкімдігі

Бүгін Ақтөбе қаласының «Автопарк» компаниясы тағы 25 жаңа автобуспен толықты. Қараша айының соңында тағы 25 автобус пайда болады деген жоспар бар. Облыс әкімі Асхат Шахаров автопаркке барып, қоғамдық көлік жүйесімен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Автопарк қала бойынша 23 бағытта қызмет көрсетеді. Күн сайын жолға 331 автобус шығады. Былтырдан бері мекеме қоғамдық көліктерін жаңартып жатыр. Екі жыл ішінде жаңа автобустар саны жүзге жетті. Бүгін жеткен 25 автобус №14, 22, 24, 26 және 42 бағытта жүреді, осылайша жолаушыларға қолайлы жағдай жасалмақ. Аталған қоғамдық көлік "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ қаржылай қолдауымен алынды.

Азаматтардың транспорттық қызметін жақсарту мақсатында «QazTehna» компаниясымен 50 автобус жеткізу бойынша келісімшарт жасалды. Жобаның демеушісі — Өнеркәсіпті дамыту қоры. Келісімшарттың жалпы құны 3,2 миллиард теңгені құрайды.

«Yutong» маркалы автобустар Қарағанды облысының Сарань қаласында жасалған. Бір автобустың құны – 64 миллион теңге. Ыңғайлы әрі сыйымды қоғамдық көлік 80 адамға арналған, кез-келген климаттық жағдайларға төзімді, кондиционер, пандусы бар, жайлы орындықтар және ақпараттық табломен жабдықталған.

«Ақтөбеде 46 бағыт бойынша жолаушыларды төрт кәсіпорын тасымалдайды. Біз олардың автопаркін біртіндеп заманауи көлік құралдарымен жаңартып жатырмыз. Наурыз айында 30 жаңа автобус алдық, бүгін 25 және қараша айының соңында тағы 25 автобус келеді. Жолаушыларға жайлы жағдай жасау, қаламыздағы қоғамдық көлік сапасын жақсарту – басты мақсат. Жаңа автобустар ескі көліктерге түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, жергілікті автопарктің жұмыс тиімділігін арттыруға көмектеседі», - деді әкім.

Серіктес жаңалықтары