«Жекеменшік балабақшалар жаппай жабылып қалуы мүмкін»: мәжіліс депутаты дабыл қақты
Ол ваучерлік жүйені сынады
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев жекеменшік мектеп пен балабақшалар санына қатысты мәселені көтерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге қажетті мектепке дейін және кейінгі мекемелердің қажеттілігін мемлекет есебінен түгел шешу мүмкін еместігін ескеріп, жекеменшік мектеп және бала-бақша санын көбейтуді тапсырған,деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, төрт жылдан бері саладағы жекеменшік сектор жартылай мемлекеттік қолдауға ие болып келді. Енді онсыз да бюрократиялық тексеруден көз ашпайтын жекеменшік балабақшалардың жаппай жабылып қалу қаупі төніп тұр. Бұған себеп – Оқу-ағарту министрлігінің ваучерлік қаржыландыру механизмін ортақ талқыға салмай, қолданысқа енгізуі.
«Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен бала санының көптігі ескерілмей, ваучерлік жүйенің енгізілгеніне мыңға жуық жекеменшік балабақша құрылтайшылары қарсылық танытып, президентке үндеу жолдады. Өйткені ваучер тек тұрмысы күнкөріс деңгейінен төмен, ауру, мүгедек балалардың ақысын төлеуге ғана берілмекші екен. Бұл мемлекеттік сатып алу порталына енгізіліп, жекеменшік балабақшалардың жүйеге қосылуға келісім беруі талап етіліп жатыр екен. Әйтпесе, мемлекеттік қаржыландыру тоқтатылып, арадағы келісімшарт шорт кесілмекші»,- дейді ол.
Балабиевтің айтуынша, бұл жүйе жекеменшік бала-бақшаларға тиімсіз болып тұр.
«Сондай-ақ, бұл бизнесті көлеңкеден шығарамыз деп жүргенде, одан бетер экономикалық қылмысқа жол ашуы бек мүмкін. Небір пысықайлар қағаз жүзінде балабақша ашып, оған ағайын-туыс, жора-жолдас, тамыр-таныстарын тіркеп, ваучер кілтін алып, өз кәдесіне жаратпасына кім кепіл?! Бәрінен қауіптісі – тиімсіз жобаның жекеменшік бала-бақшалардың жабылып қалуына сеп болуы. Төрт жыл бұрын Президент тапсырмасына сәйкес ұсынылған балабақшалардың үлесін арттыру жүйесі нәтижелі жұмыс істеп, алты жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз балабақшамен қамтамасыз етуге септігі тиген еді. Енді ваучерлік механизмді пилоттық жобада енгізудің өзі шу болып жатыр», - дейді Қайрат Балабиев.
Оның айтуынша, Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларының жекеменшік балабақша құрылтайшылары ваучерлік қаржыландыруды тоқтатуды сұрап отыр.
«Себебі, мемлекет қолдауынсыз қалып, жабылып қалмау үшін әр балаға бағаны жүз мың теңгеге дейін көтереді. Өйткені қызметкерлердің жалақысы, коммуналдық қызмет пен ғимарат ақысы бар, қисынсыз тексеріп, айыппұл төлемесіне қоймайтындардың салған айыппұлы мен салық төлеу керек. Ваучерлік механизм әлемнің санаулы елдерінде жұмыс істеп тұр. Бірақ, дәл сол елдердегідей ваучерлік механизмді енгізу қате. Себебі, еліміздегі әр өңірдің ерекшеліктері ескерілуі қажет деп санаймын», - дейді ол.
Ол премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға келесі мәселелерді реттеуді ұсынды:
- ваучерлік қаржыландыруды пилоттық жоба ретінде уақытша тоқтатуыңызды сұраймыз. Енгізілетін жаңа жобалар егжей-тегжейлі талқыланып, өңір халқының әлеуметтік сұраныстарын ескеру қажет.
- құзыретті органдар жыл басында қабылданған келісім-шарттарды бұзуға және қолданыстағы мемлекеттік тапсырысты тоқтатуға әрекет еткендерді тексеріп, нақты шара қабылдауы тиіс.
- күнкөріс деңгейі төмен отбасылардың көптігін ескеріп, ваучерлік қаржыландыру механизмдерін жетілдіру шарт.
- мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасайтын бала-бақшаларға кезек жүйесінде ашықтықты жетілдіріп, уақтылы бала-бақшамен қамтамасыз ету механизмдерін енгізу қажет.
- оқу-ағарту министрлігі жекеменшік балабақша құрылтайшылары қауымдастықтарымен арнайы жұмыс тобын құрып, ваучерлік механизмді енгізу тетіктерін жетілдіруі шарт.