Қызылорда облысында жасөспірімді ұрып өлтірген жоғары сынып оқушысына қатысты сот шешімі шықты
Сотталушы өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ауыр қылмыс жасаған жасөспірімдер Қ. мен Ж.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Олар денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бұзақылық баптары бойынша айыпталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу барысында анықталғандай, Шиелі ауданы Қодаманов ауылының 10-сынып оқушылары Қ. мен Ж. сыныптастарымен бірге 9-сынып оқушыларының өздеріне амандаспай, сыйламаушылық көрсетіп жүргенін сылтау етіп, оларды "тәртіпке салу" үшін ауылдың шетіне жиналған. Сол жерде Ж. 9-сынып оқушыларын беттерінен ұрып шығып, Қ. бұл әрекетті жалғастырған. Қ. жәбірленуші А.-ны көкірек тұсынан қатты ұрып, соның салдарынан А. жүрегінің рефлекторлы тоқтауынан қайтыс болды.
Сотталушы Қ. өзіне тағылған айыпты ішінара мойындаса, Ж. толық мойындады. Сараптама қорытындысына сәйкес, Қ.-ның соққысынан жәбірленушіге ауыр дене жарақаты келіп, жүрек-қан тамыр жүйесінің тоқтауына себеп болған.
«Сот үкімі бойынша, Қ. ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Ал Қ. мен Ж. бұзақылық әрекеттері үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылды», - делінген хабарламада.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.