Елордада рұқсат етілмеген шомылу орындары көбейген

Автор: Azattyq Rýhy

Осы маусымда шомылуға, жүзуге арналған 23 орын анықталды

Фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан әкімдігінде шомылу маусымына қатысты мәселелер талқыланды. Елордадағы су нысандарының тізімі жасалып, нәтижесінде, шомылуға, жүзуге арналған 23 орын анықталды. Оның ішінде, Орталық жағажай, «Три пескаря» және «Столичный двор» демалыс аймақтарына рұқсат етілді.

«Алматы-3, Байқоңыр-1, Есіл-3, Сарыарқа-3 аудандарындағы он учаскеде қосымша тегін жағажай ашу туралы ұсыныс жасалды. Бұл су аймақтарындағы қарбаласты айтарлықтай азайтады», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.

Сондай-ақ, тағы он учаскеде су деңгейінің төмендігі, кіретін жолдардың болмауы, қалың тоғайлы әрі қамысы болуы салдарынан жағажай ашу қолайсыз деп танылды.

«Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін рұқсат етілмеген жерлерге тыйым салу таңбалары мен қалқыма белгілер қойылады. Өзеннің төменгі бөлігі шомылу орындары ретінде тексеріліп, қауіпті учаскелер қоршалады және патрульдік полиция күн сайын күзетеді», – дейді ТЖД.

Мамандардың айтуынша, рұқсат етілмеген шомылу орындарының саны жыл сайын көбейіп жатыр (2017 жылы – 10, 2018 жылы – 12, 2019 жылы – 20). Негізгі себеп - рұқсат етілген қалалық жағажайлардың саны мен қашықтығына және қаланың су аймағы бойында жаңа аудандар мен көпқабатты үйлердің салынуына, халық санының артуына байланысты.

Осыған байланысты Нұр-сұлтан қалалық мәслихатының тыйым салынған шомылу орындарын және оларға қойылатын талаптарды анықтау туралы шешіміне толықтырулар енгізілген.