15 мың теңге: Алматыда коммуналдық шығынын мемлекет өтеп беретін тұрғындардың саны екі есеге өсті
Алматыда коммуналдық шығындары өтелуі тиіс адамдардың саны 62 мыңнан 119 мыңға дейін көбейді
Мұндай тізімдегі тұрғындардың күрт көбеюіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жаңа ережесі себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұған дейін аталған көмек Алматыдағы 62 мың отбасына көрсетілуі тиіс еді. Алайда, 18 сәуір күні министрлік бекіткен жаңа ережеге сәйкес, Алматы қаласы энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы өтініштерді қайта қабылдауды бастаған. Жаңа ережеде белгілі бір санаттағы адамдармен бірге тұратын отбасы мүшелері үшін коммуналдық қызметтер үшін төлемдерді өтеу бойынша нормалар енгізілген.
«22 сәуірде басқарма коммуналдық қызметтер шығынын 15 мың теңгеден өтеу бойынша өтініштерді қабылдайтын байланыс орталығын ұйымдастырды (тел. 341-05-27, 377-74-44). Өтініштерді қабылдау барысында бірқатар проблемалар туындады. Мәселен, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын көптеген қала тұрғындары жеке есепшотын өзінің емес, отбасы мүшелерінің біріне ресімдеген. Осыған байланысты, өңірлер мен Алматы қаласы жеке есепшот отбасы мүшелерінің біріне ресімделген кезде шығындардың өтелу мүмкіндігіне қатысты өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар берді. Министрлік аталған ұсыныстарды толық көлемде қолдады», - деді Алматы қаласы энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев.
Министрліктің жаңа ережесіне сәйкес коммуналдық қызметтің есепшоты өтініш берушінің атында болмай, отбасы мүшесінің бірінің атына тіркелсе де, 15 мың теңге төленуі тиіс. Аталған төлем әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, мүгедектігі бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған, көп балалы отбасыларға төленуі тиіс. Тізімге ҰОС арадагерлері мен осы санатқа теңестірілген тұлғалар да бар.
Қалалық Энерготиімділік басқармасының байланыс орталығына коммуналдық төлем бойынша 148 мың қоңырау шалынып, оның ішінде тағы 17 505 адамның өтініші мақұлданған. Жоғарыда аталған санаттарға жататын тұрғындардың тізімін Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы дайындаған. 10 мамырдағы жағдай бойынша Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы коммуналдық шығындары өтелуі тиіс адамдардың санын 62 мыңнан 119 мыңға дейін арттырған.
«Кодексте ата-анасы, ерлі-зайыптылар, олардың балалары отбасы мүшелері болып танылған. Осы орайда Ережеде коммуналдық төлем өтелуі үшін мұқтаж адамдармен бірге тұратын отбасы мүшелері өтініш беруге құқылы деп көрсетіледі. Сонымен қатар, қала тұрғындары үшінші тұлғалардан тұрғын үйді жалға алатын мұқтаждар санатындағы адамдардың шығындарын өтеу мәселесін көтеруде. Бұл мәселеге қатысты әкімдік оларды шығындардың өтелуіне құқығы бар адамдардың санатына қосу жөнінде ұсыныс енгізген. Өкінішке қарай, тұрғын үйді жалға берудің ашық болмауына және нақты мәліметтердің болмауына байланысты бұл ұсыныс қолдау таппады», - деді басқарма басшысы.
Бүгін Azattyq Rýhy тілшісі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бас сарапшысы Жанболат Шаймардановтан коммуналдық төлемді өтеу бойынша қалай өтініш жасауға болатынын сұрады.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы