Командалар ENACTUS World Cup 2024 әлемдік кубоктың жолдамасы үшін бақ сынасты
Астанада әлеуметтік кәсіпкерлік пен студенттер арасындағы стартаптардың Enactus World Cup 2024 атты әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл ауқымды жарысқа Қазақстанның жас кәсіпкерлері ғана емес, өзге елдердің де ынталы адамдары қатысқан. Жалпы алғанда, 35 мемлекеттен бас-аяғы үш мыңға жуық адам келді.
Айта кетейік, Enactus World Cup жобасы Астанада тұңғыш рет өтіп отырғандықтан, оның маңызы да зор. Өйткені, елорда әлемдік инновациялық ортаның бір бөлігіне айналып қана қоймай, қала тұрғындарының өмірін жақсы жаққа өзгерте алатын жаңа идеяларды талқылайтын алаңға айналды.
Enactus Әлем кубогы – әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған студенттер үшін жылдың ең маңызды оқиғасы. Студенттік кәсіпкерлікті дамыту жастарды әлеуметтік-экономикалық өмірге белсенді тартуға мүмкіндік береді, шағын және орта бизнеске жол ашады.
Салтанатты шараның ашылуына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау лебізін жеткізді.
«Enactus World Cup» жобасы жастарға жігер беріп, көшбасшылық қабілетті дамытуға көмектеседі. Жолдарыңыз ашық болып, әркез белсенді, икемді болыңыздар. Алдағы күндері әр ел жастарының инновациялық идеяларға толы бизнес жобаларын тамашалайтын боламыз. Әлемдік чемпионаттың еліміздің астанасында өтуі – айтулы оқиға», - деген еді Саясат Нұрбек.
ENACTUS KAZAKHSTAN жобасының президенті Альбина Ержанованың айтуынша, жалпы елімізде бұндай деңгейдегі шараның өтуінің өзі Қазақстан үшін үлкен абырой.
«Enactus бағдарламасының ерекшелігі мен бірегейлігі неде десем, осы бағдарлама арқылы студенттер өте құнды тәжірибе жинайды, пікір алмасады, дамиды. Яғни, студент кездерінен-ақ өзінің бизнесін бастайды», - дейді Альбина Ержанова.
Чемпионатта сөл алған Enactus бас директоры Джордж Циатистің айтуынша, бұл шара жаһандық деңгейдегі маңызды оқиға.
«Бұл біз үшін үлкен жеңіс және Қазақстан жаңа идея, инновациялар мен жаңа тәжірибе алмасудың орталығына айналғанына қуаныштымын. Enactus жобасы жастар мен кәсіпкерлердің дамуын қолдайды, сондықтан, бұл чемпионат өңірдегі бастамаларды дамыту үшін тың серпін беретініне сенімдімін», - дейді Джордж Циатис.
Бір айта кетерлігі, бұл жоба тек кәсіпкерлерді ғана емес, бұған дейін айтап өткеніміздей, студенттердің стартаптарын, сонымен қатар, оқушылардың бастамаларын біріктіреді. Мәселен, бұған дейін жобаның бас кеңсесі ENACTUS KAZAKHSTAN NATIONAL EXPO 2024 мектеп оқушылары және студенттік кәсіпкерлік, стартаптар мен инновациялардың аса ірі ұлттық кубогын ұйымдастырған. Бұл көрме жыл сайын Қазақстандағы ENACTUS халықаралық бағдарламасының қатысушыларының жоба бойынша нәтижелерін көрсету үшін ұйымдастырылады. Мектеп оқушыларының арасында өткен V Республикалық чемпионатының қорытындысында бас жүлде алған оқушылар бұл бастама алдағы жоспарларына тың серпін бергенін айтқан.
Enactus жобасының авторлары айтқандай, бұл жоба Қазақстандағы оқу орындарының студенттеріне бүкіл елдегі университеттерде командалар құруға және алға жылжытуға көмектеседі. Enactus Ұлттық кеңсесі командалардың қызметін үйлестіреді және кәсіпкерлердің студенттік қауымдастығын дамытады. Enactus студенттері адамдардың өмірін жақсартуға және қатысушылардың кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін әлеуметтік-экономикалық жобаларды жүзеге асырады. Enactus оқытушылары мен іскери серіктестері студенттерге басшылық жасайды және командалардың тәлімгерлері болады.
Студенттер өз жобаларын бизнес көшбасшылары бағалайтын жыл сайынғы байқауларда ұсынады. Атап айтқанда, олар мұқтаж адамдардың өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсарту үшін бизнес тұжырымдамаларын қаншалықты сәтті қолданғаны үшін бағаланады. Осы ұлттық байқаулардың жеңімпаздары Enactus Дүниежүзілік чемпионатына қатысуға шақырылады.