$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.10.2024, 11:15
Қоғам

Экологиялық тазалық пен туризм: «Жасыл Қазақстан» жобасы қандай серпін береді

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында еліміздің 22 қаласында ауа сапасын жақсарту көзделген

Экологиялық тазалық пен туризм: «Жасыл Қазақстан» жобасы қандай серпін береді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Елімізде соңғы жылдары болған ірі орман, дала өрттері экологиямызға айтарлықтай шығын келтіргені анық. Одан қала берді ірі қалалардағы ауаның ластану көрсеткішінің артқаны тағы бар. Міне осыған ұқсас экологиялық проблемалардың шешім жолы ретінде Мемлекет басшысының бастамасымен «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Алапат өрттерден айтарлықтай зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысында қазір экологиялық ахуалды жақсартуға көп көңіл бөлініп отыр. Azattyq Rýhy қоршаған ортаның тазалығына қатысты мәселелердің шешім жолына, сол сияқты шығыс өңірдегі экологиялық туризмнің әлеуетіне тоқталып шықты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде 2021 жылдан бастап «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы жүзеге асып келеді. Жобаның маңызы сол – халықтың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз етіп, еліміздің экологиялық ахуалын жақсарта түсу. Нақтырақ айтқанда, атмосферадағы ауа сапасын арттырып, өндіріс пен тұтыну қалдықтарын тиімді пайдалану, сондай-ақ суды орынсыз ысырап етпей қолдану. Бұған қоса, жойылуға шақ қалған жануарлар мен ихтиофаунаның, яғни балық түрлерін дамытып, санын арттыруға да көңіл бөлінген. Сонымен бірге, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрып қана қоймай, биологиялық алуантүрлілікті сақтап, халықтың экологиялық санасын жаңғырта түсу мәселесі де қарастырылған.

ҰЛТТЫҚ ЖОБА ОРМАН ҚОРЫН АРТТЫРАДЫ

2021 жылы бастау алған ұлттық жоба 2025 жылға дейін жалғасады. Осы аралықта жоба бойынша 61 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Оның ішінде 830 жұмыс орны тұрақты болса, қалған 60 213 жұмыс орны уақытша болмақ. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын жүзеге асыру үшін 1 миллиард 412 миллион теңге қарастырылған. Жылдар бойынша тоқталып өтсек, 2021 жылға 90 670,266 миллион теңге бөлінген болса, 2022 жылы жоба бойынша бас-аяғы 146 976,923 миллион теңге кеткен, ал 2023 жылдың шығыны 240 331,431 миллион теңге болған. Биылға, яғни 2024 жылы 365 564,78 миллион теңге қарастырылса, жобаның соңғы жылы, демек 2025 жылы 569 582,954 миллион теңге жұмсалады.

Халықты алаңдатқан түйткілді мәселелердің бірі – ауаның тазалығы. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында еліміздің 22 қаласында ауа сапасын жақсарту жағдайы көзделген. Қоқыс мәселесі де маңызды істің бірі. Қазақстанда экологиялық мониторинг жұмысы ақсап тұрғаны жасырын емес. Ұлттық жобаның көмегімен осы кемшілікті түзеу мәселесі де көзделіп отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан жоба ел экономикасының дамуына әсер етіп, үлесі жыл сайын 0,05-0,22 пайыздық тармақты құрайтыны жоспарланған болатын. Сонымен қатар, Қазақстан аумағының жалпы ауданы бойынша орман үлесін бес пайыздық мөлшерге жеткізу көзделіп отыр.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы – орман өртінен зардап шеккен ШҚО үшін маңызы зор болмақ. Сөз басында айтқанымыздай, соңғы жылдары болған алапат өрттер әсіресе, Шығыс Қазақстан жеріндегі орман қорына үлкен зардабын тигізді. Аймақта болған алапат өрттерге қысқаша шолу жасап шығайық. Мәселен 2015 жылдың тамыз айында Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында ірі дала өртін сөндіру жұмысы екі күнге созылды. Сол жылы Айнабұлақ ауылына қарасты «Бәйгетөбе» және «Сандықтас» жерлерінде жиналып тұрған құрғақ шөп өртенген. Алапат өрттің жалпы ауданы 500 гектарға жеткен. Қызыл жалын құрғақ шөппен тоқтамай, жақын маңайдағы орман алқабына тарап, 10 гектар орман жойылып кеткен.

2015 жылдың шілде айында ШҚО-ның Күршім ауданында да алапат өрт болып, Марқакөл орман шаруашылығының 700 гектары күлге айналған. Ал 2018 жылдың мамырында ШҚО-ға қарасты (2022 жылдан бастап Абай облысының құрамында) болған «Семей орманы» резерватының 300 гектардан астам аумағы өртеніп кеткен. Қайғылы оқиғадан 20 адам көз жұмса, 2 мыңнан астам мал қырылып қалған.

2021 жылы ШҚО-ның Риддер жерінде болған алапат өрт әлі күнге есімізде. Апаттан орман шаруашылығының 300 гектарға жуық жері қызыл жалынға оранса, 50-ден аса учаскеге зақым келген, сол сияқты 31 үй жарамсыз болып, күлге айналса, 40-қа жуық қосалқы ғимарат, 6 автокөлік және автокөлік шеберханасы өртеніп кеткен. Тілсіз жаудан 70-тен асқан зейнеткер әйел адам қайтыс болды. Ал өрттен келген шығын мөлшері 252 млн теңгеден асқан.

Міне, орман қорын молайту бойынша «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында атқарылатын шаруалар Шығыс Қазақстан өңіріне айтарлықтай пайда әкелмек.

ЭКОЛОГИЯ МЕН ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТ

Шығыс Қазақстан облысы – еліміздегі ең орманды, табиғаты сұлу өңірлердің бірі. Бұл өңір туралы айтқанда тұмса табиғаты мен туризмі еріксіз ойға оралады. Аймақтың сұлулығы мен тазалығын, экологиялық келбетін сақтау – облыс әкімдігінің негізгі міндеттерінің бірі. Өңірде Мемлекет басшысының бастауымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы, сол сияқты «Таза Бейсенбі» іс-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Шығыс Қазақстанда экологиялық туризм соңғы жылдары ерекше қарқынмен дамып келеді. Оған қызығушылар да аз емес. Облыс әкімдігі де осы саланың дамып, туристерге барынша жағдай жасау үшін туризмнің гүлденуіне ерекше көңіл бөліп отыр.

Облыс әкімі Ермек Көшербаев биыл мамыр айында Вьетнам Республикасының өкілдерімен арнайы кездескен. Өңір басшысы Вьетнамның «Sovico Group» холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы Нгуен Тхан Хунгпен келіссөз жүргізді. Аталмыш холдинг Вьетнам еліндегі авиация, қаржы, банк, құрылыс және энергетика салаларын қамтитын ауқымды компаниялардың бірі саналады.

Ермек Көшербаевтың бұл кездесуі 2023 жылдың тамыз айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға ресми сапары барысында жасасқан келісімшарт аясында жүзеге асты. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының сол жолғы сапары барысында екі мемлекеттің үкіметтері арасында жасалған сауда-экономикалық ынтымақтастықты жылдам дамыту бойынша бірлескен жоба жоспары, сол сияқты үкімет пен туризм саласына инвестиция тарту жөніндегі комитеттер арасында жасалған келісім секілді өзге де маңызды құжаттарға қол қойылған.

Сонымен, ШҚО әкімі мен вьетнамдық өкілдердің кездесуінде логистика саласындағы ынтымақтастық мәселесі, яғни жүк және жолаушылар тасымалын ұйымдастыру жұмысы талқыланды. Нақтырақ айтқанда, Шығыс Қазақстан облысында «Sovico Group» компаниясының авиация саласындағы тәжірибесін енгізу мәселесі қарастырылған. Өңір әкімдігінің мәліметінше, аталмыш холдингтің үлкен жетістіктерінің бірі – Вьетнамдағы авиация саласын трансформациялауда және халықаралық желіні кеңейтуде маңызды рөл атқарған «Vietjet Air» алғашқы жеке авиакомпаниясының құрылуы.

Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстан облысының мұндай ынтымақтастықты қашанда қолдайтынын, бұл өз кезегінде Вьетнам елімен екіжақты қарым-қатынастарды дамыта түсуге әрі нығайтуға ерекше күш беретінін атап өтті.

Сөз ыңғайы келгенде айта кетейік, әсіресе күн жылынып, жаз мезгілі орнаған шақта, ШҚО-ның Алакөл, Катонқарағай секілді туризмі дамып келе жатқан тұстарына еш қиындықсыз жету мұңға айналады. Вьетнамдық «Sovico Group» холдингінің тәжірибесі міне осы мәселені шешуде үлкен рөл атқармақ.

Айта кетерлігі, өңір әкімі Ермек Көшербаев облыс әкімдігінің отырыстарында туризм мәселесін жиі көтеріп, аудан әкімдіктеріне тиісті тапсырмалар береді. Мәселен, әкімнің тапсырмасымен Катонқарағай ауданының әкімдігі туризмді дамыту бойынша шеберлік жоспарын әзірлеу бойынша арнайы келіссөздер жүргізіп, «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қорымен бірлесе, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен және PKF hospitality Group шетелдік консалтингтік компаниясымен өзара шарт жасасты.

Бұл ретте Катонқарағай әкімдігі келіссөзде стратегиялық ұсынымдар әзірлеу мақсатында туризмді, жалпы экономикалық жағдайды, сол сияқты ресурстардың әлеуетін арттыру стратегиясына талдау жасалғаны туралы хабарлама таратты.

«Катонқарағай ауданы – Шығыс Қазақстанның флора мен фаунаға бай інжу-маржаны. Табиғаттың бар жауһарларына бай бұл ауданда экологиялық, ауылдық және сауықтыру туризмі жыл санап белсенді дамып келеді», - делінген аудандық әкімдік таратқан хабарламада.

Қазақстан аумағында жиі саяхаттайтын туристер негізінен қызмет көрсету сапасына жиі шағымданады. ШҚО әкімі Ермек Көшербаев туризмді дамыту бойынша өткізген жиналыстарының бірінде қыдырып келген демалушыларға қонақжайлылық көрсету әдебі мен қызмет көрсету сапасын арттыру мәселесін шешу үшін аудан, ауыл әкімдеріне тиісті тапсырмалар берген болатын.

Елімізде шомылу маусымы басталған сайын суға кететін адамдар саны да артады. ШҚО әкімдігі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жағажайлардағы туристердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп отыр.

Шығыс Қазақстан шекаралас аймақта орналасқандықтан, әрі сұлу табиғатынан бөлек, тарихи орындарының көптігінен шетелдіктер арасында да қызығушылыққа ие орындардың бірі болып есептеледі. Бұл ретте Қытай мен Ресейден келетін демалушылар да жоқ емес. Міне, осы себепті де өңір әкімдігі қызмет көрсету сапасына ерекше көңіл бөліп отыр.

«Біз өңірге келген демалушыларға қонақжайлығымызды көрсетуіміз қажет. Қанша дегенмен туризм алақандай ауылдардан бастап шығыс өңірінің тұтастай дамуына ерекше серпін береді. Мұнда бір рет келген турист қайта-қайта келгісі келетіндей, сүйікті жерлерінің біріне айналатындай жағдай жасағанымыз жөн», – деді ШҚО әкімі.

Әкімдік өскелең ұрпақтың жазғы сауықтыру орындары мен лагерь жұмыстарын да үнемі назарда ұстайды. Ермек Көшербаев демалыс орындарындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕСІ – ЖІТІ НАЗАРДА

Сөз орайы келгенде айта кетерлігі, «AMANAT» партиясы да экологиялық мәселелерге үнемі көңіл бөліп келеді. Партияның Парламент Мәжілісіндегі фракция жетекшісі Елнұр Бейсенбаев осыған дейін «AMANAT» экология саласындағы кез келген жобаға қолдау білдіретінін мәлім еткен болатын.

«Қазақстан негізінен шикізаттық мемлекет. Сол себептіде көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу қашанда маңызды болмақ. Осы тұста «AMANAT» партиясы экология мәселесіне қатысты кез келген жобаға қолдау көрсетуге дайын екенін айтқым келеді. Біз тіпті, сайлауалды бағдарламамызда экология мәселесін шешуге арналған арнайы тарау арнаған болатынбыз. Қазіргі уақытта зиянды шығарындылардың 60 пайызға жуығы еліміздегі ірі кәсіпорындардың үлесіне тиесілі. Сол себепті осы және басқа да экологиялық проблемаларды кезек кезегімен шешуіміз керек», – деген еді Елнұр Бейсенбаев осыған дейінгі жиналыстардың бірінде.

Ал өз кезегінде Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы, «AMANAT» фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин Жер шарының температурасы 1800 жылдан бүгінге дейін 1,1 градусқа жоғарылағанын айтты.

«Өкініштісі, бұл мәселе Қазақстанға да әсер етіп отыр. Елімізде 1936 жылдан бері әрбір 10 жыл сайын ауа температурасы 0,36 градусқа артып барады. Ал бұл үрдіс дүние жүзінде байқалып отыр. Алайда Қазақстандағы ауа температурасы әлемдегі орташа температурадан әлдеқайда жоғары. Ауа температурасының жоғарылауы түптеп келгенде апаттық жағдайға әкеліп, қуаңшылық, ауызсудың азаюына, теңіз деңгейінің биіктеуіне, биоалуандықтың азаюына әкеледі», – деді Еділ Жаңбыршин.

Сөз соңында айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы жоғарыда айтылған проблемаларды шешуге бағытталған.

Серіктес жаңалықтары